НҰР-СҰЛТАН, 7 қазан – Sputnik. Көгілдір отынның артынша көмірде де қымбаттады. Соңғы жиырма жылда көмірдің бір тоннасы ешқашан үш жүз доллардан сатылған емес. Нарықта дүрлікпе сұраныс туындады. РИА Новости бұл жағдай қаншалықты ұзаққа созылатыны туралы жазды.
СО2 шығарындыларын қысқартуға үндеулерге қарамастан, көмір көптеп сатылуда. Оны тіпті экологиялық мәселелерге қатаң қарайтын Еуропа да алып жатыр: бұл өңірдегілер газ бағасының қымбаттауына байланысты қатты отынға көшуге мәжбүр болды.
Қыркүйекте Германия, Испания, Ұлыбритания мен Франция қатты отынмен жеті миллион мегаватт-сағатқа жуық энергия өндірді. Бұл өткен жылғыдан 35 процентке көп.
Бірақ Еуропаға көмір жетпей жатыр. Негізгі жабдықтаушылар экспортты ұлғайтып үлгермеуде. Құрлықтың солтүстік-батысындағы көмір қоры минимум деңгейінде тұр: ол төрт миллионнан сәл асады.
Оның үстіне азиялық сатып алушылармен бәсекелестік туындады. Қытайда да тапшылық бар. Ауада зиянды заттар көбеймеуі үшін қытайлар көмір шахталарын жауып тастады.
"Бағамның күрт өзгеруіне байланысты билік банктерді өндірісті арттыру үшін көмір компанияларын қаржыландыруға және кредит беруге мәжбүрлеп отыр. Қытай негізгі өндіруші ғана емес, сондай-ақ негізгі тұтынушы да", - дейді Қаржы басқару жоғарғы мектебінің аналитикалық зерттеулер бөлімінің жетекшісі Михаил Коган.
Қытай экономикасы жылдам қалпына келіп жатыр. Кәсіпорындарға көп энергия қажет. Сондықтан бұл ел қатты отынды кеңінен пайдалануды жалғастыра беретіні анық. Басқа жабдықтаушы мемлекеттермен қарым-қатынас күрделенді.
"Бейжің әлемдегі көмірдің шамамен сегіз процентін өндіретін Австралиямен қарым-қатынасын бұзып алды. Бұл Қытайдан бөлек Үндістан мен Азиядағы басқа мемлекеттерді жабдықтайтын Индонезиядағы импорттың қысқаруымен тұспа-тұс келді", - дейді Ресей AMarkets аналитикалық департаментінің жетекшісі Артем Деев.
Соның салдарынан Қытайда провинциялардың үштен екісі электр энергиясын үнемдеу режиміне көшірілді. Ірі мұнай-химия кәсіпорындары жабылды. Тапшылық бағаның өсуіне себепші болды. Қытайда ғана емес, баға өсімі басқа өңірде де байқалады. Еуропада да қатты отын Азиядағыдан шамамен 14 процентке қымбат тұрады.
"Сұраныс артып жатқандықтан, көмір жылыту маусымының соңына дейін қымбаттай береді. Бұл энергетика дағдарысының алдында тұрған Батыста да, Шығыста да болады", - деп санайды Деев.
Пандемия кезінде қатты отынға деген сұраныстың бәсеңдеуін таза энергияға көшу деп атады. Бірақ "жасылдану" уақытты талап етеді. Бұл жылдам жүзеге аспайды. Оның үстіне, табиғат құбылыстары тағы бар. Аязды қыс пен шамадан тыс ыстық жаз салдарынан еуропалық жерасты газ қоймалары босап қалды. Көгілдір отын бағасы шарықтады. Мұнай бағасы да қалыс қалар емес.
Міне осы шақта көмір еске түсті. Бірақ сұраныс ұсыныстан басым түсті. Еуропалық электр энергиясын өндірушілер Ресейден көп көлемде экспорттауды сұрап отыр. Мұны ашып айтпайтыны түсінікті. Жақында климаттың өзгеруі туралы кезекті конференция өтеді. Парниктік газдардың шығуы туралы мәселе қозғалады. Оның көлемін азайту көмірден бас тарту және қымбат газ үшін шығындану арқылы мүмкін екені белгілі. Сондықтан бар үміт пайдалы отын қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрған Ресейде болып отыр. Ол өндіру бойынша алтыншы, экспорт бойынша үшінші орында тұр.
Бірақ өндіруді бірден арттыру мүмкін емес.
"Көмір өндіру өнеркәсібі – бұл ұзақ өндірістік процесс. Жаңа техникалық қуат, сәйкес рұқсаттар, құжаттар қажет болады. Кемінде екі жыл уақыт қажет. Ресей онсыз да Еуропаға көмір жеткізетін басты экспорттаушы. Ол жылына 40 миллион тонна көмір жеткізіп отыр", - дейді Артем Деев.
Ресейлік компаниялар қымбаттап жатқан шикізаттың арқасында табысқа кенелетіні анық. Азия нарығында 2019 жылы көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 90 доллар тұрды. Қазір Еуроодақта бұл көрсеткіш 300 долларға жетті.
Бірақ экспорт айтарлықтай өспейді. Себебі отын ішкі нарыққа да қажет. Синоптиктер қыс қатты болады деп болжам жасады. Статистика бойынша Ресей ауылдарындағы әрбір үшінші пеш ағаш немесе көмірмен жылытылады. Қалалық тұрғын үй қорында мұның үлесі жеті процент. Сондай-ақ "Солтүстік ағын – 2" газ құбырының іске қосылуы көгілдір отын бағасының да тұрақтануына ықпал ететіні белгілі. Сол себепті қазіргі көмір мен газ бағасына қатысты дүрбелең аз уақытта басылады.