Дерекқор

"Текеметтің түріндей-ау...": қазақ киізден қандай бұйымдар жасаған

© Photo : Сайт Центрального государственного музея Казахстана Казахский национальный ковер сырмак
Казахский национальный ковер сырмак - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.11.2021
Жазылу
Киізден текемет, сырмақ, тұскиіз дайындалған. Қазақ халқының кілем бұйымдары туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқи аласыз

Қазақ халқының киіз және тоқыма кілемдерінің түрі көп. Олар дайындалу техникасы мен өрнектелуіне, бояуына қарай әртүрлі топқа бөлінеді. Қазақтар киізден текемет, сырмақ, тұскиіз секілді бұйымдар дайындаған.

Текемет қалай дайындалған

Текемет – сәндік-қолданбалы өнер туындысы, бетіне түрлі-түсті ою-өрнек басылған киіз үй жиһазы. Ол ақ түсті жартылай дайындалған киіз бетіне боялған, ылғал киізден дайындалған өрнектер салынып дайындалады. Содан кейін киізді орап білектейді. Ыстық су құйып, булайды. Текемет дайын болғанша осы әрекет қайталанып отырады. Өңдеу кезінде өрнек басылады. Текеметтің ортасына шаршы немесе дөңгелек пішіндерге қошқармүйіз, терме гүл, тұмарша секілді оюлар салынады.

Ресейлік этнограф Самуил Дудиннің еңбектерінде "өрнектелген текеметтерді қазақтар және өзбектер дайындаған. Олардың суреттерінің қарапайымдылығына және бояуының кедейлігіне қарамастан, өрнектелген киіздер табиғи бояулы жүндердің үйлесуі, бояу реңктерінің жұмсақтығы, қарапайым сәнділігі бойынша адамға жақсы әсер қалдырады. Олардың киізден басылатын текеметтерінен нәзік әрі әдемі өрнектерді жиі кездестіруге болады" деп суреттелген.

Текемет дайындау техникасы қыпшақтар өмір сүрген дәуірден бастап дамыған. Тоқыма өнеріндегі қыпшақ дәстүрі тек қазақтарда ғана емес, құмық, қарашай, шеркес, ноғай елдерінде де сақталған.

Әр облыста текемет басудың саналуан әдісі кездеседі. Мысалы Қазақ ССР ғылым академиясының этнографиялық экспедициясына қатысушылар 1958 жылы Оңтүстік Қазақстанды аралағанда осы жердегі текемет түрі мен оның жасалуына қатысты былай дейді:

"Оңтүстік Қазақстан облысының текеметі басқа облыстардікіне қарағанда әрі мықты, әрі әдемі. Бұл жердің текемет басу әдісі төрт сатыдан тұрады. Ең алдымен боялмаған ақ жүнді жұқалап жайып талдырады, оның үстіне тағы да осындай басқа түсті жүн тартып қайта талдырады. Бұл текеметтің негізі болып есептеледі. Одан кейін оның үстіне өң есебінде боялған жүн тартып, біраз бастырған соң керекті өрнектің нұсқасын жүнмен жүргізіп, басады. Кейде өрнек жүргізудің басқа әдістерін қолданады. Ол үшін түсті жүннен алдын ала дайындалған керекті өрнекті ойып алады. Оларды үш қабат етіп текеметтің өң жағына қиюластырған соң үстіне ыстық су құйып, бастырады".

Қазақтың бұрынғы салтында текемет көбіне сырмақтың үстінен, төсеніш көрпенің астынан жайылатын немесе кереуеттегі киіздерінің үстіне төселетін. Әдемі, жақсы текеметтерді сыйлы қонақтар мен қарттар келгенде жұмсақ болуы үшін сырмақтың үстінен көрпе ретінде төсейтін.

Текемет сырмақтан үлкен және енді болады. Кейде өрнексіз не ақ, не қара текемет те кездеседі. Қазақтың көне салтында темекеметті тек жұмсақ қозы жүнінен басқан, себебі қозы жүнінің қылшығы болмайды.

Текемет халық әндеріне де арқау болған. Мысалы "Дедімай-ау" әнінің қайырмасында текеметтің халыққа кеңінен таныс екені аңғарылады.

Алма ағаштың гүліндей-ау

Текеметтің түріндей-ау

Өтіп дәурен бара жатыр

Сіз бен бізге білінбей-ау.

Сырмақ қандай болады

Киізден жасалған тағы бір үй жиһазы – сырмақ. Сырмақ ақ және қара түсті ойылған өрнектерден тігіледі. Сырмақтың ою-өрнектері текемет композициясына ұқсас, мұнда қос мүйіз өрнектер айқастыра бейнеленеді. Өрнек шаршы ішіне салынады, ол сыртынан сызықты өрнекпен жиектеледі. Орта ою мен шет оюдың аралығы бау сызықтармен безендіріледі. Сырмаққа әшекейленетін баулар таңқурай түстес, сары, сұр, көк, ақ болған.

Сырмақтың бір түрі – бітпес. Бітпес атауының өзі аяқталмайтын, шегі жоқ, қол жетпейтін деген мағына береді. Соған сәйкес ою-өрнектері де әртүрлі жүн жіптердің бастырылуы арқылы сәнделген.

Көлемі жағынан сырмақтың төрт түрі бар. Ең үлкені – көш сырмақ. Бұл сырмақты көшкенде жүк артылған түйенің үстіне жабуға арнаған, жалпы көлемі 3-5 метрдей болады.

Екіншісі – төсеніш сырмақ, оның жалпы көлемі 3-3,5 метрдей болады. Мұндай сырмақтар кейде киіз үйдің төріне лайықталып тігіледі.

Үшіншісі – төр сырмақ, көлемі 2-5 метр болады. Бұл жиекті, оюлы сырмақ. Мұны сыйлы қонақтар келгенде төрдегі жалпы төсеніш киіздің үстінен, қонақ көрпенің астынан салады.

Төртіншісі – сек сырмақ немесе төсек алды сырмағы. Көлемі 2-2,5 метрдей болады, жер төсектің орнына немесе төсектің алдына төсейді. Сырмақтың кейде 1-1,5 метрлік шағын түрі де кездеседі. Оны бір кісілік сырмақ деп атайды.

Сырмақ түсіне қарай да бөлінеді. Олар:

  • ақ сырмақты бояулы жиекпен немесе түсті матамен оюламайды. Оны тек шуда жіппен ғана тоқылған жиекпен немесе иірілген қара ала жіппен жиектейді;
  • қара ала сырмақты қара және ақ киізден ойыстырып, астарлап, сырып жасайды. Оюларды құраған тігістің үстіне бояулы жиек бастырылады. Бұл бұрын сән-салтанатта сыйлы қонақтарға төселген;
  • жиекті сырмақты тұтас бірыңғай ақ немесе қара түсті киіздің бетіне бірнеше түсті бояумен өрнектеп жиек бастыру арқылы жасайды. Мұны күнделікті тұрмыста көп пайдаланған;
  • дебіске сырмақты жасағанда тұтас киіздің бетіне әр түсті матаны оюлап бастырып, сол оюлардың шетіне жіңішке жиек басады.

Сырмақ пен текемет – киізден жасалатын, жерге төселетін бұйымдар.

Тұскиіз туралы не білеміз

Тұскиіз – бөлме қабырғасын сәндеуге арналған қазақ халқының ұлттық жиһазы. Ол көп жағдайда төсектің тұсына ілінетін болғандықтан "тұскиіз" аталған. Тұскиіздің тігілу техникасына назар салар болсақ, ол ақ түсті киіз бетіне киізден, шұға, жібек немесе мақта матадан жапсырмалы әртүрлі өрнек тігу арқылы дайындалған. Жапсырма – өрнектеудің ежелгі тәсілдерінің бірі.

Тұскиіз деп тігілетін кілемдерді де атаған. Оларды барқыт, жібек секілді маталардан тіккен. Олардың ою-өрнектері ретінде құйын тәрізді оралымдар, гүл мен бүршік, құстың қанаты бейнеленген. Ою-өрнектердің түстері де ашық қызыл, таңқурай түстес, қызыл сары, сары, жасыл, көк секілді алуан түрлі болған.

Тұскиіздің гүлдері мен гүл тізбектері алтын жіппен кестеленген. Тұскиіз біз кестемен және тығыз ширатылған жібек жіппен әшекейленген.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар
0