НҰР-СҰЛТАН, 13 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің ресми аккаунтында Амур облысы Игнатьеве ауылындағы ерекше оқиға туралы пост жарияланды – ат туризмімен айналысатын жергілікті кәсіпкерлер қонақтарға арнап қазақ киіз үйін тіккен екен.
Жергілікті тұрғын Ольга Демкина киіз үйді Қостанайдағы шеберлер жасағанын айтты.
Киіз үй төрт адамға арналған, дәстүрге сай барлық затпен жабдықталған – түрлі түсті кілемдер, киіз үйдің қақ ортасындағы дастарқан, керегелерге жақын орналасқан төсек-орын.
Бұл киіз үйде қонақтар емін-еркін бірнеше күн жатып, демала алады – көшпенділердің дәстүрлі үйі өте жылы әрі ыңғайлы.
Бірақ көбінесе киіз үй отбасылық мерекелерді өткізуге аса қолайлы, бір әулеттің мүшелері бір шаңырақ астында жиналып, қызық-қуаныштарын атап өте алады.