АЛМАТЫ, 26 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде Алматы облысы Талғар қаласында 18 жастағы жаяу жүргіншіні көлік қағып кеткен сәттің видеосы тарады.
Видеодан күдікті адам қаққаннан кейін тоқтамай, оқиға орнынан бой тасалағанын көруге болады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары оқиғаның Талғар қаласы Менделеев көшесінде болғанын жазды.
"Жігіт жарық қосылмаған көшенің жол жиегімен жүріп келе жатқан. Кінәлі оқиға орнынан қашып кетті. Оның жанында тағы екі жолаушы болды. Сынған алдыңғы әйнекті шығарып, Қарасай батыр көшесіндегі көпқабатты үйдің ауласына тастап, белгісіз бағытқа қашып кеткен", - деп жазылған видео сипаттамасында.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 25 қазан сағат 20.30-да Талғарда болған. Көлік жүргізушісі Менделеев көшесінің бойымен батыс бағытта келе жатқанда асфальт жиегімен келе жатқан 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Соққы салдарынан жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды.
Аталған факт Талғар аудандық полициясында қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі (көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және 347-бабы (жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тіркелді.
Қазір күдікті ұсталды.