АЛМАТЫ, 18 қазан – Sputnik. Түркістан облысында 9 жастағы бала арықта ұйықтап жатқан жерінен табылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жергілікті полицияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Сайрам ауданы полициясына түнгі сағат 23:30 шамасында баласын таппай жүрген әйел хабарласқан.
Оның сөзінше, 9 жасар ұлы күндіз ойнауға кетіп, содан бері оралмаған. Әйел бастапқыда бірнеше сағат бойы өзі іздеген. Нәтиже болмаған соң полицияға жүгінген.
Ювеналды полиция бала баруы мүмкін жерлерді, жақын аумақты тексерді. Бір сағатқа жалғасқан іздестіру жұмыстары нәтижесінде жоғалған бала табылды. Ол үйінен үш көше ары орналасқан арықта ұйықтап қалған.
Баламен және ата-анасымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ полиция бала жоғалған жағдайда бірден полицияға хабарласуға кеңес берді.