НҰР-СҰЛТАН, 16 қазан – Sputnik. "Үлкен жиырмалықтың" Ауғанстан бойынша арнайы саммитінде батыс лидерлері елді күйреу мен аштық күтіп тұрғанын баса айтты. Олар Ауғанстанның толық құлдырауына және "көрші елдерге босқындардың жаппай үдере көшуіне" жол бермеу үшін ауғандарға гуманитарлық көмек көрсету қажет екенін мәлімдеді.
Мұның еш сөкеттігі жоқ секілді. Себебі дәл осы Батыс 20 жыл бойы Ауғанстанды оккупациялады, енді әскерін алып кеткеннен кейін де елдегі жағдайға жауап беруі керек, деп жазды РИА Новости.
Бірақ Италияның сыртқы істер министрі Луиджи Ди Майо "ақшаны тәлібтерге бермей, мемлекетті қаржыландыру механизмін табуды" ұсынды. Яғни, елдегі жаңа билікті айналып өтіп, ауғандарға көмектесу керек. Мұны ақылға қонымсыз әрекет деуден басқа амал жоқ.
Батыс БҰҰ құрылымдары арқылы көмек көрсетуді ұсынды. Алайда ешқандай халықаралық ұйым сол билікті мойындамай, ол елде жұмыс жүргізе алмайды. Сондықтан қалай болғанда да тәлібтер үкіметін мойындауға тура келеді.
Ал АҚШ ауған қаражатының 9,5 миллиард долларын бұғаттап тастады да, енді гуманитарлық көмек көрсету үшін Кабулға талап қойып отыр: Еуроодақ тарапынан 1 миллиард, АҚШ-тан 300 миллион доллар және тағы солай. Жиырма жылға созылған оккупация кезінде де ауған жерінде өз билігін жүргізуге тырысқан Батыс елдегі жаңа билікке де шарт қоюға тырысады. Яғни осы уақытқа дейін ауғандардың шамына тиген, елге тәлібтердің қайта келуіне себепші болған әрекеттерге қайта баруда.
"Халықаралық қауымдастық ауған халқынан теріс айналып, оны тағдырдың тәлкегіне қалдыра алмайды", - деді саммитте Түркия президенті Эрдоған. Батыс қазір ауғандарға көмектесуге аса құлшыныс танытпаса да, халықаралық ұйым атына сын болмас үшін Ауғанстанды ұмытып кетпейді. Оны оқшаулау мүмкін болмағандықтан, қандай да бәр әрекетке көшу қажет.
Ең дұрыс реакция – жаңа үкіметті мойындау, санкцияларды алып тастау, қаражаттағы бұғатты шешу, шетелдік, соның ішінде ислам инвестицияларына елді түрлі өңіраралық жобаларға қосуға кедергі келтірмеу. Бірақ батыстың мұндай әрекетке баратын түрі жоқ. Керісінше, тәлібтерге қоқан-лоқы көрсетіп, олардың Ислам мемлекеті және басқа да қозғалыстармен күес жүргізуін, әйелдердің құқығын сақтауды және үкімет құруда сыртқы тараптардың көңілінен шығатын шарттарды сақтауын талап етіп отыр.
Алайда тәлібтер Ислам мемлекетіне қарсы соғысудан да, әйелдердің шариғатқа қарсы келмейтін құқықтарын мойындаудан да, болашақ үкімет құрамына өзбек, тәжік, хазарларды қосудан да бас тартып отырған жоқ. Бірақ олар мұны сыртқы қысыммен емес, өз еріктерімен орындауды қалайды.
Тәліб үкіметінің сыртқы істер министрі міндетін орындаушы Әмір Хан Муттаки "Ауғанстан ислам эмираты әлі күнге дейін ИМ* проблемасын оңтайлы шешіп келеді, ал халықаралық қысым тәлібтерге тек кесірін тигізіп отыр. Сондықтан әлем қысым көрсетудің орнына бізбен ынтымақтастық орнатуы керек" деп мәлімдеді. Расында да сырттан келетін бұйрық пен талап тәліб үкіметінде қарама-қайшы салдарға алып келуі ықтимал.
Бірақ әлем тек Батыс ықпалында емес екені және Ауғанстан енді басқа күштердің жауапкершілік аумағында екені оңтайлы болып отыр. "Үлкен жиырмалық" саммитіне Қытай мен Ресейдің қатыспауы тектен-тек емес. Себебі олар бұл мәселеде басқа әдісті қолдануды көздеп отыр.
Мәскеу мен Бейжің Батысқа Ауғанстанды қалпына келтіруге міндетті екенін жиі есіне салып келеді. Бұл саяси-насихат ұстанымы екені белгілі. Ақиқатында, орыстар да, қытайлар да батыс инвестицияларына үміт артып отырған жоқ. Елді қалпына келтіруге арналған қаражат Азияның өзінен де табылады. Бұл ең алдымен араб және қытай қаражаты. Алайда ол қаражатқа қол жеткізу үшін, Ауғанстанды әлем экономикасына қосу үшін алдымен тәлібтер үкіметін мойындау керек болады.
Сондықтан келесі аптада Мәскеу форматында Ауғанстан бойынша кездесу өтеді. Мұны РФ шенеунігі Сергей Лавров елді қалпына келтіру бойынша халықаралық конференцияға бастайтын алғашқы қадам деп атады. Бұл шараның қажет екенін бәрі ұғынып отырғанымен, саммитті Ауғанстансыз өткізудің мәні жоқ. Сондықтан Мәскеудегі кездесу барысында ол өте оңтайлы компанияда таныстырылады. "Мәскеу форматы" Ресейден бөлек Ауғанстанның барлық көршісі – Орталық Азия елдері, Иран, Пәкістан, Қытай мен Үндістанды қамтиды. АҚШ-та қатысады деп жоспарланып отыр.
*Қазақстанда, Ресейде және бірқатар елде тыйым салынған террористік ұйым.