НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жерді заңсыз саудалағандар ұсталды, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
Алматы облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі күдіктілердің 9 гектар жер телімін сатқандарын мәлімдеді.
Халық ҚызПУ мен әкімдік арасындағы соттың шешімі дұрыс болмай, үйімізді тартып ала ма деп үрейленеді.
"Өзім 2019 да алдым жерді. Наурызда келіп фундамент құйдым. 80 процент халық тұрады осы жерде. Газ, су жүргізілді, өзіміздің ақшамызға жолды жөндеттік. Әр үй 40 мың теңгеден шығардық", - дейді Кемертоған ауылының тұрғыны Алмас Нұртазин.
Ал облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігі жерді заңсыз сатқандарды анықтады. Күдікті ретінде білім ордасының бұрынғы қызметкері, "Азаматтарға арналған үкімет" облыстық филиалының Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімі, Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі басшылары ұсталған.
"Біз де жәбірленуші тараптанбыз. Университеттің балансындағы меншік жоғалып отыр", - дейді университеттің ресми өкілі Жандарбек Асан.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттігі күдіктілерге қатысты тиісті тергеу шаралары жүріп жатқанын айтты.
Білім ордасының басшылары тергеу амалдарының әділ жүргізілетіне үмітті. Ал халық маңдай терімен алған жер телімінің бір қарысын да қайтармауға бекінген. Олар енді қол жинап президент атына хат жазбақшы.