Өңірлер

Ақтөбе тұрғындары таң атысымен әкімдік алдына жиналды

© Photo : Пресс-служба Мининдустрии Ақтөбе қаласының көрінісі
Ақтөбе қаласының көрінісі - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.05.2021
Жазылу
Шенеуніктер ауыл арасында көгілдір отын құбырын жүргізу үшін тендер жариялағанымен, кейін оны тоқтатып тастаған

НҰР-СҰЛТАН, 29 мамыр – Sputnik. Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс-4 ауылының тұрғындары жаңадан салынған үйлеріне кіре алмай отыр. Өйткені елдімекенде ішер судан бастап, газ құбыры да жоқ. Ал шенеуніктер болса коммуникация жүйесін тартуға асығар емес, деп хабарлайды КТК арнасы.

Олар жақында ғана газ құбырын тартуға тендер жариялап, кейін оны тоқтатып тастаған. Бұған ашынған жаңақоныстықтар облыс әкімдігінде наразылық ұйымдастырды.

Ақтөбе облысы әкімігінің алдына жиналған тұрғындардың мақсаты – қала шетіндегі ауылға әлі күнге ат ізін салмаған әкім-қараларды күтіп алып, мәселесін айту.

Жаңақоныс-4 ауылынан кезекте тұрғындарға жер берерде әкімдіктегілер тез баспана тұрғызуды бұйырған. Коммуникацияны да бір жылда тартып береміз деп уәде етіпті. Бірақ қазір баспана бар, ал су, жылу құбыры жоқ.

"Бізге екі жыл уақыт берді, үй салмасаңдар жерлеріңді тартып аламыз деді. Барымызды сатып, несие алып үй салдық. Үй тұрғызып қойдық. Енді не газ жоқ, не жарық жоқ. Біздің жанайқайымыз осы", – дейді ауыл тұрғыны Жұмабек Амантурин.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын Ақтөбе іргесіндегі Жаңақоныс-4 ауылынан мыңнан аса жер телімі берілген. Содан бері 300-ге жуық үй салыныпты. Бірақ олардың көбісі қаңырап бос тұр. Өйткені көшіп келейін десе, коммуникация тартылмаған.

Тұрғындар қаңырап тұрған үйлеріне қыс бойы ұры-қарылар маза бермегенін айтады. Одан қалды баспаналары бола тұра, комуникацияның жоқтығынан қаңғып жүргеніне налиды.

"Осы уақытқа дейін халықты тентіретіп, осылай иттей қылып қойды. Бала-шағамыз бар. Үй салғанмен, не үй сияқты емес, былай қарасаң. Далада отырған сияқтысың. Газ жоқ. Бірінші мәселе – газ. Суды адам тасып, бірдеме қылар. Газы, жылуы жоқ жерде қалай тұрады", – Қарлығаш Қарманова.

Оқи отырыңыз: Жомарт Тоқаев "Атырау" мен "Ақтөбе" арасындағы матч кезінде жылап жіберді – видео

Бұл елдімекен Ақтөбенің Астана ауданына қарайды. Жаңақоныстықтар ауылға газ құбырын тартып берсе, қалған мәселені өзіміз шешерміз деп отыр. Бірақ әкімдер оған ақша жоқ дейді. Көгілдір отынға тендер жариялағанымен, кейін оны тоқтатып тастапты.

"Тендер жарияланды. Бірақ сол мәселені республика бізден қабылдамады. Соның кесірінен тендерді тоқтаттық. Республикадан бөлінетін қаражат болмауына байланысты. Жергілікті бюджеттен қарастырылады", – Астана ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов.

Негізінен ауылға газ тартуға 200 миллионнан аса қаржы керек. Бірақ ол облыс қазынасынан биыл табыла қоятынын шенеуніктер айта алмайды. Сондықтан коммуникацияның Жаңақоныс-4-ке толық қашан тартылатыны әзір белгісіз.

Жаңалықтар
0