НҰР-СҰЛТАН, 15 қазан – Sputnik. Алматыда көлік жүргізушісі жолдан жүгіріп өтпек болған қызды қағып кетті. Алған жарақаттан қыз сол жерде көз жұмды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жол апаты Алматының Түркісіб ауданында Сүйінбай даңғылында болған.
Жүргізушінің айтуынша, ол Audi A6 көлігімен даңғыл бойымен солтүстік бағытқа қарай келе жатқан. Бекмаханов көшесінің төменгі жағында қыз жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтпекші болған.
Оны байқап қалған жүргізуші тежегішті басып, рульді қарсы жолаққа қарай бұрған. Алайда соққыны болдырмау қолынан келмеді. Көлік қызды соққаннан кейін автобус аялдамасына кіріп кетті, артынша шам бағанасына соғылды. Соққыдан көлік айналып жеке тұрғын үйдің темір қақпасына соғылған.
Апат салдарынан 1997 жылы туған қыз жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
Оқиға болған жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.
13 тамызда Алматыда жылдамдықпен келе жатқан "Яндекс" таксиі жолдан жүгіріп өтпек болған жасөспірімді қағып кеткен болатын.
Жасөспірімнің бірнеше жері сынып, бас ми жарақатын алды.
Сол күні Әл-Фараби даңғылында да жолды рұқсатсыз жерден кесіп өткен 1995 жылғы ер адам көлік астында көз жұмды.