АЛМАТЫ, 13 қазан – Sputnik. Қазақстанда биыл сегіз айда қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция көлемі 100 миллиард теңгеден асты. Оның тең жартысы тек екі аймаққа бөлінген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Finprom.kz хабарлауынша, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған инвестиция қаңтар-тамыз аралығында 107,8 миллиард теңгеге жетті. Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 16,5%-ке көп. Өткен жылы 92,5 миллиард теңге бағытталған.
Мамандар инвестиция соңғы бес жылдан бері айтарлықтай өсіп жатқанын байқаған.
Ал бұл қаражаттың тең жартысына жуығы Жамбыл (38,8 миллиард теңге) және Ақтөбе (16 миллиард теңге) облыстарына тиесілі.
Сондай-ақ, инвестицияның жоғары көрсеткіші Нұр-Сұлтан (11,3 миллиард теңге) мен Атырау облысында (10,9 миллиард теңге) байқалды.
Ал ең аз қаржы Алматы мен Түркістан облысына, әрқайсына 0,5 миллиард теңгеден бөлінген.
Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарына қанша қаржы бөлінгені бойынша ақпарат жоқ.