Оқиға

Қарағандыдағы трагедия: депутаттар шенеуніктерді жазалауды талап етті

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуроупджампинг
роупджампинг - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.10.2021
Жазылу
Атракциондар есепке алынуға тиіс екеніне қарамастан, елде қанша аттракцион тіркелгені белгісіз, дейді депутат

НҰР-СҰЛТАН, 13 қазан – Sputnik. Қарағандыда "тарзанка" типті аттракционнан секіріп көз жұмған әйелдің қазасынан кейін мәжіліс депутаттары балалар мен ересектердің қауіпсіздігі үшін жеке жауапкершілік белгілеп, бүкіл аттракционға бақылау енгізуді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісмен Артур Платонов "кезекті өлім аттракционы" туралы депутаттық сауалын вице-премьер Роман Склярға жолдады.

Айтуынша, Қазақстан аумағында аттракциондарға талаптар ЕАЭО-ның "Аттракциондар қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентте бекітілген. Кейін сауда және интеграция министрлігі ұлттық стандартты қолданысқа енгізді.

Бұған қоса, жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңға өзгерістер енгізіліп, аттракциондарды қауіпсіз пайдалануды бақылау міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелді.

"Алайда қайғылы оқиғаларды тергеу кезінде бүкіл жерде аттракционды орнату мен пайдалану ережелері өрескел бұзылғаны анықталады. Жергілікті билік жауапкершіліктен қашып, аттракционға рұқсат берген жоқпыз, кеңес заманынан қалған деп түрлі сылтау айтады. Сонда адамдардың өлімі үшін кім жауап береді?", - деп ашуланды депутат.

Оның сөзінше, елде аттракциондардың маусым қарсаңында және жоспарлы тексерістерін өткізу тәртібі бақыланбайды және есепке алынбайды. Тіпті, техникалық куәлік берілген жерде де олар тіркелмейді, ал аттракциондарды бақылайтын маман аттракцион иесінің немесе аттракционды пайдаланатын ұйымның бұйрығымен тағайындалады.

"Яғни іс жүзінде олар өз-өздерін тексереді", - деді мәжілісмен.

Платоновтың айтуынша, аттракциондар есепке алынуға тиіс екеніне қарамастан, елде қанша аттракцион тіркелгені белгісіз.

"Нормативтік базаға қарамастан, елде жағдай өзгерген жоқ. Жауапсыздық салдарынан балалар мен ересектер өліп жатқанын көріп отырмыз. Ал шенеуніктер болса, бізден ешкім рұқсат алған жоқ деп ақталады", - дейді ол.

Осыған байланысты мәжілісмендер балалар мен ересектер үшін жеке жауапкершілік белгілеп, барлық деңгейде жүйелі бақылауды қамтамасыз етуді, аталған саланы бақылайтын шенеуніктерді жауапқа тартуды, әкімдік бекіткен лауазымды тұлғаларды көрсете отырып, әр өңір бойынша аттракциондарды лицензиялау туралы мәліметтерді ұсынуды сұрады.

Еске салсақ, 10 қазанда Қарағандыда "тарзанка" типті аттракционда жазатайым оқиға болды. 33 жастағы әйел тоғыз қабатты ғимараттың төбесінен секіру кезінде ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады.

Полиция Қылмыстық кодекстің 306-бабы 1-бөлігі "Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша қылмыстық іс қозғады. Жазатайым оқиғадан кейін қауіпсіздік техникасын өрескел бұзған 32 жастағы аттракцион инструкторы ұсталды.

Әлеуметтік желіде оқиғаның қалай болғаны түсірілген видео жарияланды. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға дұрыс бекітілмеген арқан себеп болған.

Марқұмның артында үш баласы қалды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар
0