АЛМАТЫ, 12 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанның сыртқы істер министрі Субраманиям Джайшанкарды қабылдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Үндістанның сыртқы істер министрі Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне мүше мемлекеттердің сыртқы саяси ведомство басшыларының алтыншы кеңесіне қатысу үшін Нұр-Сұлтан қаласына келген.
"Кездесуде тараптар саяси, сауда-экономикалық және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты күшейту бойынша Қазақстан мен Үндістан арасындағы көп жоспарлы байланыстарды дамытудың келешегін талқылады", - делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Субраманиям Джайшанкармен әңгімелесу барысында кеңеске мүше мемлекеттердің министрлерінің бүгінгі кездесуіне Үндістанның қатысқаны маңызды екенін айтып, ол елдің басшылығына Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіргені үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы министрге елімізде COVID-19-ға қарсы күрес бойынша қабылданып жатқан шаралар, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру және оған гуманитарлық көмек көрсетуге Қазақстанның қосып отырған күш-жігері туралы айтты.
Сондай-ақ президент екі ел арасындағы әуе байланысын қалпына келтірудің маңызды екенін, бұл Қазақстан мен Үндістан арасындағы байланыстарды одан әрі дамытуға тың серпін беретінін атап өтті.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Назарбаевты ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына ұсынды
Үндістанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Орталық Азия өңірін ынтымақтастықтың маңызды бағыты санайтынын Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модидің сәлемін жеткізді. Үнді дипломаты өз елінің басшылығы Қазақстан президентін келесі жылы Үндістанға сапармен келуге шақыратынын айтты.
Сонымен қатар әңгімелесу кезінде пандемияның салдарларын жою мәселелеріне баса мән берілді.
Субраманиям Джайшанкар Қасым-Жомарт Тоқаевқа екпе сертификаттарын өзара мойындау жөніндегі елінің ұсынысын жеткізіп, Үндістанның фармацевтика және экономиканы цифрландыру салалары бойынша ынтымақтастықты жандандыруға әзір екенін айтты.
Бүгін астанада Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Соның барысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес жанындағы ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына ұсынды.
Айта кетері, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы қазанда өткен БҰҰ-ның Бас ассамблеясының 47-сессиясында ұсынған.