Экономика

Азық-түлік бағасы өсіп жатыр – қыркүйекте инфляция жеделдеді

© Photo : Pixabay / EdarКалькулятор, архивное фото
Калькулятор, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.10.2021
Жазылу
Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер етті

НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша республикада инфляция өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Көкөніс бағасының 8,7%-ке және жеміс бағасының 2,4%-ке маусымдық төмендеуіне қарамастан, Қазақстанда инфляция 8,9%-ке жетіп, жылдамдауын жалғастырды", - деді Досаев үкімет отырысында.

Айтуынша, монетарлық емес факторларды тұрақтандыру үшін биыл қыркүйекте үкімет әкімдермен бірлесіп инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенін іске асыра бастады. Соның нәтижесінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлары бағасы тамыздағы ең жоғары 10,4%-тен қыркүйекте 9,6%-ке дейін төмендеген.

Алайда қазанның бірінші аптасының қорытындысы бойынша баға тағы да өсіп, жыл басынан бері 9,9%-ті құрады.

Әлеуметтік маңызды азық-түліктің қымбаттауына жұмыртқа, тауық еті, қырыққабат, қант пен сиыр еті бағасының өсуі әсер етті.

"Қыркүйекте дизель отынының бағасы 3,8%-ке өсті, ал жекелеген облыстарда 10%-тен асты. Өндірістің ұлғаюы мен экспорттың тоқтауына қарамастан, дизель отынының тапшылығы байқалуда. Бұл инфляциялық қысымды күшейтіп, басқа тауарларға жанама әсер етіп жатыр", - деді Досаев.

Ұлттық банк төрағасы өткен айда 17 өңірдің 13-інде жылдық инфляция жеделдегенін мәлімдеді. Алты облыста инфляция 9%-тен асқан.

Досаев инфляцияны "ұстап тұру" үшін өңірлік нарықтарда бағаны тұрақтандырып, тауарлар тапшылығына жол бермеу керек екенін айтты.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар
0