АЛМАТЫ, 12 қазан – Sputnik. Атырауда дәмхана ішіндегі би алаңында қызға қол көтерген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 қазанда сағат түнгі үш шамасында 26 жастағы бойжеткеннен полицияға қоңырау түскен. Ол би алаңында ер адамның өзін жұдырықпен ұрып қашып кеткенін айтты.
"Сағат 03:33-де 102 операторына 1995 жылы туған тұрғын хабарласты. Ол сағат 03:25 шамасында Атырау қаласы Азаттық көшесінде орналасқан дәмханада билеп жүрген кезде белгісіз ер адам сол жақ көзі тұсынан ұрып, қашып кеткенін айтты", - делінген полиция ақпаратында.
Бұзақылық фактісі бойынша қылмыстық кодекстің 293-бабы 1-бөліміне ("бұзақылық") сәйкес қылмыстық іс тіркелді. Жедел іздестіру шаралары кезінде 1998 жылы туған азамат ұсталды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.