НҰР-СҰЛТАН, 9 қазан – Sputnik. Түркістан облысында 7 жылға сотталған кәсіпкердің үкімін қайта қарап жатқан сот отырысында сотталушының жақтастары мен қарсы тарап жанжалдасып қалды.
Камераға түсіруге қарсы болған жәбірленушілерге тілшілердің адвокаттан сұхбат алғаны ұнамай қалыпты. Текетіреске полицияның араласуына тура келді, деп хабарлады КТК.
Жеті жылға сотталған кәсіпкерді қолдауға келген 100-ге тарта адам сот алдына ерте жиналды. Бірақ залда орын аз болып, барлығы ішке кіре алмады. 40 минутқа кешігіп басталған апелляциялық сотқа сотталушының өзі де онлайн түрде түрмеде отырып қатысты. Ол өзіне қастысты істің қолдан ұйымдастырылғанына сенімді.
"Жәбірленушілер санын көбейту үшін 2020 жылы 17-21 қазан аралығында тұрғындарды жинап, жер алып береміз деп алдап, дайын арызға қол қойдырған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық қудалау органдарында жәбірленуші ретінде танылған 174 адамның бірде-біреуі кооператив мүшесі болмаған", - деді жазасын өтеуші Хали Сарманов.
Сотта жәбірленушілер өзін камераға түсіруге қарсы болды. Олар Хали Сармановтың 7 жылға жазаланғанын әділ деп санайды. Қарсы тарап Сайрам ауданы сотының шешімімен келіспейді. Себебі құжаттар бұрмаланған дейді адвокаттары. Екі жарым сағатқа созылған сот ісі келесі аптада қайта жалғасады. Ал отырыс аяқтала сала сыртқа шыққан қос тарап бір-біріне шүйлігіп, арты төбелеске ұласа жаздады.
Оқи отырыңыз: "Қасақана өлтірмедім": Шымкентте кәсіпкерді өртеп жіберген ер адам сотта жылап жіберді
Айқайға аттан қосқан қос тарапты полицейлер мен прокуратура қызметкерлері ажыратып алды. Ал сотталушының ұлы "әкемді бәз біреулер әдейі жарға жығып, мыңдаған гектар жері мен бизнесін тартып алмақшы" деп отыр.
"Олар рейдерлік әрекет жасап жатыр. Осы Шымкент қаласына жақын жерлерді иеленіп, "Нұркөл" ЖШС, "Қайнарды" тартып алмақшы", - дейді Сармановтың ұлы Дәурен Сатыбалдиев.
Жазасын өтеушінің туыстары тергеу кезінде үш рет инсульт алған 69 жастағы зейнеткердің рақымшылыққа іліккенін қалайды.
Бірнеше шаруа қожалығының қожайыны Хали Сарманов өзіне сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға түсірді деп танылып 7 жылға сотталған. Келесі апелляциялық сот отырысы 14 қазанға белгіленді.