Оқиға

"Қасақана өлтірмедім": Шымкентте кәсіпкерді өртеп жіберген ер адам сотта жылап жіберді

© Photo : pixabay.comГорящий автомобиль, иллюстративное фото
Горящий автомобиль, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.08.2021
Жазылу
30 жастағы ер адам өз үйінде кәсіпкерді өлтірген. Сотталушы жалған құжаттар жасап, марқұмға жер сатпақ болған

НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Шымкентте кәсіпкер Аваз Жаналиевті өлтірді деп айыпталған ер адам 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Otyrar.kz.

Сотталушы сот үкімін айтатын кезде көз жасына ерік берді. Ол сот шешімімен келіспейтінін жеткізді.

"Мен Аваз Жаналиевті қасақана өлтірген жоқпын ғой", - деді Азизбек Әлімбаев.

Сот айыпталушының іс-әрекетінде қауіп бар екенін атап өтті. Өйткені ол бұған дейін қарақшылық үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Естеріңізге сала кетейік, 30 жастағы ер адам осы жылдың наурыз айында өз үйінде кәсіпкерді өлтірген болатын. Сотталушы марқұмға бизнес үшін жалған құжаттар жасап, жер сатпақ болған.

Кәсіпкер былықтың бетін ашқан кезде, араларында жанжал туындаған. Қолына түскен балтамен сотталушы Жаналиевке бірнеше соққы жасаған. Кейін жәбірленушінің көлігін алып, қанға малынған денені ешкім жоқ жерге апарған. Сотта анықталғандай, кәсіпкердің сол сәтте жаны үзіле қоймағаны белгілі болды.

"Денеден құтылу үшін қайтып барған кезде оның тірі болғанын көріп, жағып жібергенін өзі айтып отыр. Тергеу эксперименті сол кезде жәбірленушінің тірі болғанын көрсетті", - деп түсіндірді Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Самиддин Темірәлиев.

Сондай-ақ, сотталушы бизнесменнің ақшасын иемденіп алған. Марқұмның көлігінен 500 мыңнан астам теңгені жымқырып кеткен. Ал қылмыс кезінде сотталушының анасы үйде болғанын айтады.

"Төбемде Құдай тұр, қатысым жоқ. Мазам болмай, қан қысымым көтеріліп үйде жатқан едім", - деді сотталушының анасы.

Марқұм кәсіпкердің көлік жуу орындары болған. Арнайы техникасын жалға беріп келіпті. Артында әйелі мен 3 перзенті қалды.

Жаңалықтар
0