НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан – Sputnik. Елордада жастарға арналған "Elorda Jastary" арнайы тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады. Қуанышты жаңалықты Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Әкімнің айтуынша, жеңілдетілген әлеуметтік несиелендіру елорданың жас мамандарына арналған.
"Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында "жетім балалар" санаты бойынша тұрғын үйге кезегінде тұрған денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік, мәдениет және спорт салалары, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары, полиция департаменті, төтенше жағдайлар қызметкерлері, коммуналдық кәсіпорындардың бейінді қызметкерлеріне арналған", - деп жазды Көлгінов Instagram парақшасында.
Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыруға "Отбасы банк" мен 2021-2023 жылдарға арналған "Elorda Jastary" бағдарламасы көмектеседі.
Бағдарламаның шарттары қандай:
- Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына 35 жасқа дейінгі (35 жасты қоса алғанда, жұбайының/зайыбының жасы маңызды емес) жастар қатыса алады.
- қалада кемінде бір жыл тіркеуде тұруы қажет,
- "Отбасы банкте" жинақ шоты бар болуы керек,
- бағдарлама үміткерінің жеке тұрғын үйі болмауға тиіс (соңғы 5 жыл ішінде),
- ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем емес болуы шарт.
Осылайша, аталған тұрғын үй бағдарламасына қатысушы тұрғын үй сатып алуға 18 млн теңгеге дейін қарыз ала алады (жылдық 5% жеңілдікпен). Сатып алынатын тұрғын үйдің құны шектеусіз. Қарыз 25 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
Өтінімдерді қабылдау 14 қазанда басталады, qatysu.zhilfond.kz порталында жүзеге асырылады.
Оқи отырыңыз:
- Тоқаев тапсырма берді: кредитін төлей алмағандарға қандай жеңілдіктер жасалады?
- Депутат тұрғын үй бағдарламаларына өзгеріс енгізуді ұсынды
- Ұлттық банк: қазақстандықтар жиі ипотека рәсімдей бастады