НҰР-СҰЛТАН, 5 қазан – Sputnik. Әртістер центрифугалар, барокамералар, жүктемелер, ауыр жаттығулардан өтіп, салмақсыздық күйінде жұмыс істеуге дайын. РИА Новости ғарыш саласындағы тұңғыш киноэкипаждың даярлығы туралы толығырақ жазды.
Енді ғарыштағы актриса ақиқатқа айналды. Ресейлік Юлия Пересильд "Вызов" фильмінде басты рөлді сомдайды.
"Актриса нәзік, сезімтал, ашық болуы керек, - дейді Юлия. – Ал ғарышкер, керісінше, жинақы, батыл болуы қажет. Мұның барлығын біріктіру қаншалықты қолымыздан келетінін көреміз. Ал қазір мен актриса да, ғарышкер де емеспін. Мен таңғажайып оқиға күтіп тұрған адаммын".
Байқоңыр – зымыран ұшатын ғарыш айлағы. Мұнда "Союз МС-19" кемесімен "киноэкипаж" алғаш рет ғарышқа аттанды.
"Вызов" - бұл ғылыми-танымдық жоба. Бірақ сюжет әлі де құпия сақталып отыр. Драмалық фильм бір айдың ішінде ұшуға дайындалып, Халықаралық ғарыш станциясына аттануы керек дәрігер әйел (Пересильд) туралы екені белгілі. Ол ғарышта экипаж мүшелерінің бірін аман алып қалу үшін арпалысады.
Мұндай құпиялылық көпшілік көңілінен шықпай отыр. "Сценарий жайлы Ұшуларды басқару орталығы да білмейді. Егер Орталық операторлары мен жоспарлаушылары, медициналық қамсыздандыру тобы жағдайдан хабардар болмаса, бұл дұрыс емес. Бұл экипаж жұмысының тиімділігіне де, қауіпсіздігіне де әсер етеді", - деді РИА Новостиге берген сұхбатында ғарышта үш рет болған 1–ші дәрежелі ғарышкер-нұсқаушы-сынақшы, Ресей ғылым академия Медицина-биологиялық проблемалар институты директорының орынбасары Олег Котов.
Жобаға қатысушыларды жолға дайындау аса маңызды болды. Юлия Пересильд қауіпсіздік үшін "киноэкипаж" командасының дублерлерімен екі бөлек автобуспен жүретінін айтты.
"Түйелер үйірін жиі кездестіреміз. Мұнда олардың бірнеше түрі бар. Олар тіпті біздің көліктерді өткізбей, жол ортасында тұрып алады. Біз кейде қатты шаршап, жолда ұйықтап қаламыз. Алайда кішкене бос уақыт пайда болса, фильм бойынша жұмыс жасап, жолда да дайындық жүргіземіз", - деді актриса.
Жұлдызды қалашық ғарышқа ұшуға үміткерлерді іріктеу орнына айналды. Жобаға қатысқысы келетіндер Ғарышкерлерді даярлау орталығында бірнеше сағат өткізді.
Сынақ та оңай болған жоқ. Оториноларинголог, офтальмолог сынды дәрігерді тексеруінен бөлек, үміткерлер (Пересильдтен бөлек, бұл актрисалар Софья Аржаковская, Алена Мордовина мен ұшқыш Галина Каирова) центрифуга, барокамерада болып, үздіксіз үдету ықпалында да болды. Сонымен қатар олар суда түрлі топтық элементтерді орындап, салмақсыздық күйінде әрекеттер орындады.
Клим Шипенко ғарышқа ұшып, аспанда фильм түсірген алғашқы режиссер болады. Бірақ Шипенко үшін бұл тың тақырып емес: 2017 жылы ол орбита станциясы туралы "Салют-7" картинасын түсірді.
Экипаж мүшелерінің ас мәзірі алуан түрлі, үш реттік және тіскебасарымен бірге болады. Киноэкипаж үшін де ешқандай өзгешелік ұсынылмайды, барлығы стандартқа сай.
"Бірінші күні оларға шошқа етін қосып қуырылған жұмыртқа, сүзбе, печенье, витамин беріледі. Түскі асқа: уылдырық, ет қосылған борщ, азу, "Бородинский" наны, алмадан дайындалған тәтті. Кешкі ас: картоп езбесімен гуляш, жасыл бұршақ салаты, зімбір печеньесі. Күні бойы кофе, шай, какао сынды сусындар ұсынылады", - деді РИА Новости порталына РҒА Медицина-биологиялық проблемалар институты тамақтану бөлімінің меңгерушісі Александр Агуреев.
Экипаж .шін қолайсыздық күнде кездесетін қалыпты жағдайға айналады. Себебі "жердегі" күтім мен басқа да іс-әрекеттерді салмақсыздық күйінде орындау ептілікті қажет етеді. Пересильд пен Шипенко тәжірибелі ғарышкерлер қалай дұрыс жуыну және демалу керек екені туралы лайфхактармен бөліскенін айтты.
Оның үстіне Халықаралық ғарыш станциясында жарық сөндірілмейді, желдеткіш пен жұмыс істеп тұрған жабдықтардың даусы бәсеңдемейді.
Пересильд пен Шипенко қатаң іріктеуден өткеннен кейін, өздерін қандай сынақ күтіп тұрғанын жақсы түсінеді. Әйел сомдайтын басты рөл үшін ашық конкурс жарияланды да, ақырында 20 финалист дәрігерлік-сараптамалық комиссиядан өтті.
Ұшу комиссиясынан Пересильд пен оның дублері Алена Мордовина сәтті өтті. Олар режиссер Шипенко және оператор Алексей Дудинмен бірге жеделдетілген даярлау курсынан өтті.
Ресейлік примадонна Алла Пугачева ғарышқа аттанған Пересильдке қолдау көрсетіп, әлеуметтік желіде жазба қалдырды.
Екі аптаға созылатын ұшудан кейін "киноэкипаж" Жұлдызды қалашықта оңалтудан өтеді. Тәжірибелі ғарышкерлердің айтуынша, қысқа мерзімді ұшудан кейін адам ағзасы әдетте шамамен жеті күн ішінде қалпына келеді.
"Клим сценарийді жиі өзгертіп, менің рөлімді күрделендіріп жатыр. Бұл біз мектепте жаттаған шумақ өлеңдер емес, бұл проза. Сондықтан кәсіби әртіс емес біз үшін бұл біршама қиын болып отыр. Бірақ барынша талпынып жатырмыз", - деп түсіндірді кеме капитаны Антон Шкаплеров. Ол Пересильд кейіпкерін Халықаралық ғарыш станциясына жеткізетін ғарышкер рөлін сомдайды.
"Сценарийді мен ғарышкерлермен танысқаннан кейін процесс барысында бейімдей бастадық, - дейді Шипенко. – Басқа актерлерді ғарыштағы түсірілім аяқталған соң іріктейміз".
"Вызов" туындысына Сергей Бурунов, Владимир Машков, Татьяна Догилева түсуі мүмкін еді. Шипенко дримкаст кезінде Полина Агуреева, Олег Новицкий мен Петр Дубровиннің де есімдерін атады.
Ғарышта туристер алғаш рет 2000-шы жылдың басында пайда болды. Ең алғаш рет ғарышқа Италия тумасы, америкалық кәсіпкер Дэннис Тито аттанды. Одан кейін түрлі елдегі бизнесмендер де ғарышқа ұшып қайтты. 2015 жылы әнші Сара Брайтман да аспан әлемімен таныспақ болған, бірақ кейіннен бұл ойынан бас тартты.
Бұл мақсатты жүзеге асыру бірнеше миллион доллар шығынды қажет ететініне қарамастан, ғарышқа аттанғысы келетін туристер саны өте көп. Міне, енді ғарышқа кино актрисасы мен режиссер де сапар шекті.
"Киноэкипаж" 12 күн бойы ғарышта болады. Олар 17 қазанда Жерге қайта оралуы керек. Түсіру материалының шамамен 35-40 минуты соңғы монтажға енуі керек. Шипенконың айтуынша, "ғарыштағы іс-әрекеттің басым бөлігі шынайы ғарышта түсірілгені абзал".