Видео

"Прогресс МС-17" ғарыш кемесі Байқоңырдан қалай ұшырылды – видео

Жазылу
Ресейлік "Прогресс МС-17" ғарыш кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан сәтті ұшырылды. "Союз-2.1а" зымыран тасымалдағышы жүк кемесін жер маңайындағы орбитаға алып шықты

Ғарыш кемесі 31-ші алаңдағы старт кешенінен ұшырылды. "Прогресс МС-17" Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жанармай, су, оттегі баллондары, ғылыми экспериментке арналған жабдықтар мен басқа да қажеттіні жеткізеді.

Роскосмос мәліметі бойынша, "Прогрестің" Халықаралық ғарыш станциясындағы ресейлік сегменттегі "Поиск" модулімен түйісуі 2 шілдеде сағат 4.02-ге жоспарланып отыр.

Жүк кемесі ғарыш станциясына 470 килограмм жанармай, 420 литр ауыз су, 40 килограмм ауа мен оттегі, сондай-ақ 1 500 килограмм түрлі жабдық пен материал жеткізеді. Оның қатарында борт жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған құралдар мен ресурстық аппаратура, ғарыш эксперименттеріне арналған жабдықтар, медициналық және санитарлық-эпидемиологялық құралдар, экипаж мүшелеріне арналған киім-кешек пен азық-түлік бар.

Қазір Халықаралық ғарыш станциясында 65-ші экспедиция жұмыс жүргізуде. Олар - ресейлік Олег Новицкий мен Петр Дубров, америкалық Марк Ванде Хай, Шейн Кимброу мен Меган МакАртур, Жапония ғарышкері Акихико Хосиде (станция командирі) және француз Том Песке.

Байқоңырдан түсірілген әсерлі видеоны тамашалаңыз.

Жаңалықтар
0