НҰР-СҰЛТАН, 1 қазан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Екібастұз әкімінің орынбасары және тағы бірнеше шенеуніктің ұсталғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қала әкімінің орынбасарынан бөлек тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.
"Олар мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін мердігерлік ұйымдардан жүйелі түрде пара алу күдігіне ілінді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, бұған дейін әлеуметтік желіде Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған. Онымен бірге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары мен осы бөлімнің санақ маманын да алып кеткен. Әкімдік осы ақпаратты растады. Бірақ шенеуніктерді ұстау себебі белгісіз болған.
36 жастағы Бауыржан Ахметов Екібастұз қаласы әкімінің шаруашылық істері жөніндегі орынбасары қызметіне өткен жылы қаңтар айында тағайындалды. Оған дейін ұлттық экономика министрлігінде мемлекеттік материалдық резервтер комитетінде басқарма басшысы болған.
Оқи отырыңыз:
- Қостанайда сотталған шенеуніктің камерасында болған жағдай видеоға түсіп қалды
- Қаратауда өзіне қол салған шенеунік көлігінен қылмыстық іс қағазы табылды
- Жетім бала арқылы ақша тапқан шенеунік сотталды – істің мән-жайы