НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтардың ашуын келтірген жазу дәптерінің мазмұнына қатысты түсініктеме берді.
Әлеуметтік желіде "өл" деген жазуы бар бүлдіршіндерге арналған жазу дәптері қызу талқыға түсті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Елімізде балалар арасында суицид неге көп деп таңғаламыз. Қайдам, 1 сыныптан өл...өл... деп жаздырып, сананы улап жатса...Өл сөзін өр, өс, өн сөздерімен жазуға болады ғой?! Жеткіншектердің "өл" деген бұйрық райлы етістіктің жазуына қарсымын! Келесі беттерінде (17 бет) "Өш" деген сөз бар! 47 бетінде "Си" деген жүр", - деп жазды белгілі блогер Instagram-да.
Білім министрлігінің баспасөз қызметі бұған қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, қазақ тілінде білім беретін мектептердің 1-сынып оқушыларына арналған "Менің алтын жазу үлгім" атты жазу дәптерлері 8&8 баспасында жарық көрген. Авторы – С.В. Трофимова.
"Бұл дәптер орта білім беру ұйымдары үшін бекітілген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің бекітілген тізбесіне енгізілмеген. Тиісінше, мемлекеттік сараптамадан да өтпеген", - делінген хабарламада.
"Білім туралы" заңға сәйкес, тек оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер ғана сараптамадан өткізіледі. Оқу-әдістемелік кешен дегеніміз – оқулықты сүйемелдейтін, міндетті талаптарға сәйкес әзірленген әдістемелік нұсқаулық, деп түсіндірді министрлік.
"Білім беру ұйымдарына осы жазу дәптері секілді қосымша оқу басылымдарын, оқулықтарды, дәптерлер мен басқа қосымша материалдарды таңдау құқығы берілген. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін жоғарыда көрсетілген мәселелерді реттеу мүмкіндігі қаралады", - деп толықтырды ведомстводағылар.
Айта кетері, мұндай басылымдар әрқашан ашық сатылымда немесе интернетте қолжетімді.
Қосымша оқулықтар, ертегі жинақтары, дәптерлер сияқты олар арнайы бекітілмейді. Бекітілген ресми дәптерлер тізімінде мұндай басылым жоқ екеніне тағы да назар аударамыз, деп түйіндеді министрліктегілер.
Оқи отырыңыз: