НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан бокс федерациясының бапкерлік мәселелер жөніндегі вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Бақтияр Артаев Токио Олимпиадасындағы сәтсіздік үшін басшылықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас ассамблеясында Токиодағы сәтсіздіктің негізгі себептері қаралды. Отырысқа вице-премьер Ералы Тоғжанов пен ҰОК президенті Асқар Құлыбаев та қатысты. Ал бокс федерациясының атынан сөз сөйлеген Бақтияр Артаев алдымен басшылыққа қолдау жасағаны үшін алғыс білдірді. Одан кейін Токиодағы сәтсіздік үшін кешірім сұрады.
"Әрине, Токио Олимпиадасындағы өте сәтсіз көрсеткішіміз үшін кешірім сұраймыз. Бірақ алдағы уақытта сараптама жұмыстары жасалып, тиісті қорытынды шығарылады. Жүйелі жұмыстан кейін келесі Олимпиада ойындарында өзіміздің бұрынғы көрсеткіштерімізге оралып, жоғары нәтиже көрсетеміз деген сенімдемін", - деді Артаев.
Айта кетері, тамыз айында өткен брифингте Артаев келесі Олимпиадаға баратын құраманың 80 процентке жаңаратынын мәлімдеген. Кәсіпқой бокста жүрген спортшылар да келуге дайын. Алдағы әлем біріншілігіне де кілең мықтылар барады.
Оқи отырыңыз:
- Комитет Токио Олимпиадасы жайлы: шешімдердің бәрі бірдей сәтті шықпады
- Бас бапкерлердің жалақысы екі есеге өсті – ҰОК есебі
- Токио Олимпиадасында болған сәтсіздік қайталануы мүмкін – комитет себебін атады