НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. Батыстың бұқаралық ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа сәйкес, Еуропада көмірдің бағасы рекордтық көрсеткішке жетті. Роттердам, Амстердам мен Антверпеннің биржаларында бұл отынның бір тоннасына 137 доллар беріп жатыр. Көмірдің нарықтық ренессансына себеп болған жәйттар белгілі. Табиғи газдың бағасы шарықтап кеткен. Ол да рекордық көрсеткішке жетті, деп хабарлады РИА Новости.
Қазіргі кезде жағдайдың қиындап кеткені сонша, "көмір генерациясын қысқарту бағдарламасын тоқтату қажет" деген әңгімелер ашық айтыла бастады. Мәселен британдық Drax компаниясы корольдіктің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін соңғы үлгідегі көмір электр станциясын тоқтату бастамасын кейінге қалдыруға дайын екенін мәлімдеді. Ал Лондон жаздың ортасынан бастап көмір өндірушілердің қосымша шығындарын өтеп жатқанын құпияда ұстап отыр.
Содан бері көмірді тұтыну көрсеткіші төмендеген сайын электр энергиясының бағасы көтеріле берген. Мәселен Германия қоңыр көмірдің қорына бай Рур бассейініне иелік етіп отырса да, соңғы төрт жылдың ішінде бұл отынды тұтынуды 170 миллион тоннадан 120-ға дейін азайтқан. Бүгінде "Солтүстік ағын - 2" газ құбырын сертификаттау датасы да белгісіз болып тұр. Ал газдың бағасы 800 долларға дейін жеткен. Осы елдің ұлттық операторлары келесі жылы мегаватт-сағаттың бағасы 100 еуро болады деп ашық айтып отыр.
Осылайша өткен ғасырда алдымен мұнайды бірінші орынға шығарып, артынан жасыл энергетикаға басымдық берілсе де, қиын жағдайда көмірден басқа тиімді отын жоқ екенін тағы бір мәрте түсіндік. Физика заңдарын алдай алмайсың. Сәнді трендтерді қанша қуаласақ та, күн панельдері мен жел электр станциялары ауа райына тәуелді болып қала береді, деп жазды басылым.
Мұнай мен газдың бағасы үнемі құбылып тұрады. Осындайда бәрі көмірді алып шығуға кіріседі. Себебі оны кез келген жерге оп-оңай жеткізіп, жаға салуға болады. Құбыр салудың қажеті жоқ.
Ресей болса, көмірге деген сұраныстың болатынын біліп отыр. Сол себепті Улак мен Февральск елді мекендерінің арасындағы Байкал-Амур магистралінің шығыс тармағын кеңейту жұмыстары басталды. Оны қорғаныс министрлігі мен теміржол әскері атқарады. Бас кезінде 340 шақырымды құрайтын учаскені жаңарту жұмыстары 2024 жылы аяқталады деген жоспар болған. Бірақ қорғаныс министрінің орынбасары Дмитрий Булгаков армия жоспарды бір жыл бұрын орындайды деп отыр.
Қыркүйектің басында Владимир Путин Шығыс экономикалық форумында Байкал-Амур магистралінің бойында жаңартылатын елді мекендердің тізімі жасалды деп мәлімдеді. Демек Ресей шығысқа қарай бұрылды. Ал Кузбасстың көмірі Азия-Тынық мұхит аймағына жөнелтіледі.