Музейге 1984 жылы қаңтарда Қазақ КСР халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді. Қазір мұнда Қазақстанның бейнелеу өнері, Қазақстанның қолданбалы өнері, шетел классикалық өнері, жаңа дәуірдегі шетел өнері, қайта қалыпқа келтіру, көрме және экспозиция, насихаттау және экскурсиялық қызмет көрсету, ақпарат және баспа ісі ғылыми орталықтары бар. Сондай-ақ сурет өнерінің түрлі жанры музей сөрелерінен орын тепкен.
Музейге аты берілген Әбілхан Қастеев – Қазақстанның бейнелеу өнер тарихында өшпес із қалдырған дарынды тұлға. Қастеевтің шығармашылығы жан-жақты, сан қырлы. Ол қазақ халқының белгілі тұлғалары Шоқан Уәлихановтың, Абай Құнанбаевтың, Жамбыл Жабаевтың, Амангелді Имановтың портретін бірнеше рет салған. Музейде Қастеев туындылары бөлек залда тұр.
Сонымен қатар қазір музейде Алматының туған күніне орай "Алматы суретшілер көзімен" көрмесі өтіп жатыр. Ол жерде қала суретшілері мегаполистің көрікті жерлерін қағазға түсірген туындылары қойылған.
Сондай-ақ суретші Николай Константинович Рерихтің "Рухтың шыңдары" көрмесі ашылған. Оның туындылары таудың алып шыңдарына ұмтылу, рухани даму ізденістеріне шақырады. Рерихті туындыларына қарап "Тау шебері" деп атаған. Себебі ол Гималайдың жан дүниесін ашып көрсеткен.
Музейде қандай туындылар бар екенін Sputnik Қазақстан фотолентасынан көріңіз.