НҰР-СҰЛТАН, 23 қыркүйек – Sputnik. Сенат депутаттары мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың ескерткішін орнатып, оның есімін бірнеше нысанға беруді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенатор Алтынбек Нухұлының айтуынша, биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатар мемлекет қайраткері, тарихшы-этнолог Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл толып отыр.
Ол Наурыз мейрамын жаңғырту, халықаралық қазақ тілі қоғамын құру мен "Ана тілі" газетінің ашылуына тікелей ықпал етті. Қазақстанда музейлердің көптеп ашылуына атсалысты.
"Осыған байланысты Түркістандағы этнографиялық музейге және Арқалықтағы дала өлкесі тарихи облыстық музейіне Өзбекәлі Жәнібек есімі берілсе дейміз. Арыстан баб қорық музейі жанында жабылып қалған Өзбекәлі Жәнібеков музейі жаңартылып, қайта ашылуы қажет", - деді Нухұлы сенаттың жалпы отырысында.
Бұдан бөлек, депутаттар Өзбекәлі Жәнібековтың есімін Түркістан қаласындағы шағын көшеге емес, жаңа орталықтағы кең көшеге беру керек деп санайды.
"Туған елі қасиетті Түркістанда еңселі ескерткішін тұғырына орнату керек деп білеміз. Мұндай құрмет қызмет атарған Шымкент және Алматы қалаларында да жасалуы керек", - деп атап көрсетті сенатор.
Осы орайда депутаттар Өзбекәлі Жәнібековтың негізгі жетістіктерін де ерекше атап өтті.
"Оның Торғай елін түлеткені өз алдына бір бөлек, Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытовтарды ақтап алуда, оның алдында Шәкәрім есімімен еңбектерін жарыққа шығарып, халқымен қайта қауыштыруда ұйытқы болды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қасиетті тайқазанды Эрмитаждан алып келуде басты орындаушы рөлін атқаруын ешкім ешқашан ұмытпақ емес. Осы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін ЮНЕСКО тізіміне қосып, қалпына келтіруге, Арыстан баб мазарын маңын халықтың жиі келіп, тәу етер жеріне айналдырудағы еңбегі - мәңгі өлмес істер мен ізгілікті іздер", - дейді Нухұлы.
Сенаторлар үкіметке депутаттық сауал жолдап, жариялаған ұсыныстар бойынша тиісті шараларды қолға алуды сұрады.
Оқи отырыңыз:
- 62 жыл үзілістен кейін Алматыда алғашқы Наурыз қалай тойланды
- Сарапшылар тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жайлы: "Сапасы сын көтермейді"
- Елбасының Түркістанға не үшін барғаны белгілі болды - видео