Қоғам

Алматыдағы трагедия: Банк ЦентрКредит мәлімдеме жасады

© Sputnik / Тимур БатыршинАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.09.2021
Жазылу
Банк ЦентрКредит оқиғаны тергеуге белсенді қатысатынын, іске қатысты барлық құжатты ұсынатынын мәлімдеді

НҰР-СҰЛТАН, 21 қыркүйек – Sputnik. Алматыда бес адам қаза болған атыстан кейін Банк ЦентрКредит мәлімдеме жасады.

"Банк ЦентрКредит" АҚ "Ақбұлақ" шағын ауданында болған қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біздің де қабырғамыз қайысып отыр, орны толмас қайғыға ортақпыз. Бұл трагедия бізді есеңгіретіп тастады, барлық дау-жанжал тек құқықтық алаң аясында шешілуі керек деп сенеміз", - делінген банктің хабарламасында.

Банк ЦентрКредит осы істің мән-жайын ашты.

2011 жылдың шілдесінде "Нано Плюс" ЖШС-ға негізгі борыш пен пайызды төлеу мерзімін 6 айға кейінге қалдыру шартымен жалпы сомасы 102 000 000 теңге екі қарыз берілген.

Міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін кепіл келісімшарты бекітілді. Кепіл ретінде тұрғын үй емес орын-жай, жер телімі, сондай-ақ Алматы қаласы, Алатау ауданы "Ақбұлақ" шағын ауданы Сыздықов көшесі, 29 үй мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үй қабылданды.

2012 жылдың наурызында негізгі борыш пен сыйақыны өтеу мерзімі тағы үш айға шегерілді.

2012 жылдың тамызынан бастап қарыз алушы міндеттемелерін орындаған жоқ, кредитті төлемей қойды. Банк міндеттемелер орындалмағаны туралы хабарламалар жолдаған.

Осыдан кейін қарыз алушы мен кепілгер келісімшартта көзделген міндеттемелерді орындамауына байланысты 2013 жылы сәуірде берешекті сот тәртібімен өндіріп алу туралы шешім қабылданды. Осы сәттен бастап банк аталған қарыз бойынша пайыз есептеуді тоқтатты.

Оқи отырыңыз: "Үйімізді тиынға сатып жіберді": атыс шығарған күдіктінің әйелі оқиғаның мән-жайын айтты

Банк Алматы қаласы Алмалы аудандық №2 сотына қарыз алушы мен кепілгерден қарызды өндіріп алу туралы талап-арыз берді.

" Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы" заңның 74-бабы 2-тармағына сәйкес: "Кепілгер кепілде тұрған мүлікті нарықтағы бағамен өздігінен сатуға құқылы, борышкер сот орындаушысы мүлікке тыйым салып, бағалау жүргізгеннен кейін және мүлік алып қойылғанға немесе өткізілгенге дейін сот орындаушысының жазбаша рұқсатымен және ол белгілеген мерзімде тыйым салынған мүлікті бағалау құнынан төмен болмайтын құн бойынша өткізуге құқылы".

"Алайда қарыз алушы да, кепілгер де бұл құқықты пайдаланған жоқ", - деді банктегілер.

"Атқарушылық өндіріс туралы" заңның 80-бабы 3-тармағына сәйкес: "Электронды аукцион борышкердің мүлкін өткізуге беру туралы қаулыда көрсетілген бағалау құнынан белгіленген қадаммен мүліктің құнын көтерумен басталады.

Егер электронды аукционға қатысушылардың ешбірі сауда-саттықтың алдын ала белгіленген қадамын қолдай отырып, мүліктің құнын арттырмаған жағдайда, электронды аукцион құнды төмендетуге ауысумен жалғасады.

Бұл ретте, өткізілетін мүліктің бастапқы бағасы қатысушылардың бірі жарияланған баға бойынша мүлікті сатып алуға келіскен кезге дейін белгіленген қадаммен төмендетіледі, бұл баға электронды аукционға қойылған мүлік құнының бастапқы бағасының елу пайызынан төмен болмауға тиіс".

2018 жылы қаңтарда Алатау аудандық соты кепілгерге тиесілі тұрғын үй түріндегі кепілдегі мүлікті өндіріп алу туралы сырттай шешім шығарды.

2018 жылы тамызда кепілде тұрған баспана бойынша электронды сот сауда-саттығы өткізілді. Электронды аукцион қорытындысы туралы хаттамаға сәйкес, оның жеңімпазы Н.С.Тұрғанов болды.

2018 жылдың тамызында жеке сот орындаушысы мен Тұрғанов арасында сатып алу-сату келісімшарты бекітілді.

2018 жылы желтоқсанда Алатау аудандық соты бұған дейін кепілдегі тұрғын үйді өндіріп алу туралы сырттай шешімнің күшін жойды.

2019 жылы қарашада Алматы қалалық соты апелляциялық сот алқасының қаулысы шықты. Оған сәйкес, тұрғын үй түріндегі кепілдегі мүлікті өндіріп алу туралы банктің талап-арызы қанағаттандырылды. Бастапқы сату құны 29 417 000 теңге болатын .

2020 жылы шілдеде шыққан Жоғарғы сот азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысы бойынша Демирчян А.П. мен Дужнов И.И өтініші қанағаттандырылмады. Олар 2019 жылы қарашада шыққан Алматы қалалық соты азаматтық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын қайта қарауды сұраған.

Осылайша үй Н.С. Тұрғановтың меншігінде қалды. Ол алғашқы сот сауда-саттығында баспананы сатып алған.

Үйдің бұрынғы иесін баспанадан шығару процесі сатып алушы пайдасына шешілген сот актісіне сәйкес жүзеге асырылды. Үйді босату ісі азаматтар арасындағы құқықтық қарым-қатынысқа ұласып, соңы трагедиямен аяқталды.

"Банк үйден шығару ісіне араласқан жоқ", - деп мәлімдеді Банк ЦентрКредит.

2017 жылы наурыздан бері банк кепілінде болған тұрғынжай емес ғимарат бойынша алғашқы электронды сот сауда-саттығы жүзеге асырылмады. Өйткені мүлікті сатып алушы табылмады.

2017 жылы сәуірде қайта электронды сот сауда-саттығы жүргізілді. Оның нәтижесінде мүлік банктің меншігіне өтті. Аукцион бойынша бағасы - 96 008 120 теңге.

2017 жылы 24 сәуірде банк пен жеке сот орындаушысы арасында тұрғынжай емес мүлікті сату-сатып алу келісімшарты жасалды.

Оқи отырыңыз: Атыс кезінде қайтыс болған алматылық полицейдің бес баласы қалды

Ұзақ уақыт бойы банк бұл мүлікке меншік құқығын тіркей алмады. Өйткені бұрынғы иесі жер комитеті мен банкке техникалық төлқұжат жасауға мүмкіндік бермеді.

Іс жүзінде банк мүлік құқығын 2021 жылдың мамыр айында ғана тіркеді.

Тиісінше 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін банк тұрғынжай емес мүлікке иелік еткен жоқ. 2021 жылдың шілде айында Бостандық аудандық сотына талап-арыз жолдады.

"Біз оқиғаны тергеуге белсенді қатысамыз. Іске қатысты барлық құжатты ұсынамыз.  Қаза болғандардың туыстарына жан-жақты қолдау көрсетеміз", - деп атап өтті банктегілер.

Алматыдағы атыс

20 қыркүйекте кешке Алматыда атыс болды. Бірнеше полиция қызметкері, жеке сот орындаушылары және үйдің жаңа иесі борышкерді үйден шығару туралы сот шешімін орындауға келген. Алайда борышкер оларға оқ жаудырды.

Оқ атқан адамның отбасына тиесілі үй бұрын банкке қарыз болғаны үшін сатылған. Жеке үй сот орындаушысы арқылы үшінші тұлғаға сатылды. Бұрынғы иесі сот шешімімен келіспей, үйді бергісі келмеген.

Үйдің иесі – 1967 жылы туған ер адам полиция мен сот орындаушылары үйге кірмек болған кезде оларға оқ атқан. Салдарынан бес адам көз жұмды. Олар: 2 полицей, бір сот орындаушысы, үйдің иесі мен оның танысы.

Жаңалықтар
0