НҰР-СҰЛТАН, 17 қыркүйек – Sputnik. Балқаш тас жолын реконструкциялау 2023 жылы аяқталады. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін елордадан Балқашқа 6-7 сағатта жетуге болады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта ұзындығы 948 шақырым болатын "Қарағанды – Алматы" учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
"Президенттің тапсырмасына сәйкес жұмыстар толықтай 2023 жылы аяқталады. Реконструкциядан кейін қозғалыстың есептік жылдамдығы шамамен 120 км/сағ құрайды, тиісінше Нұр-Сұлтаннан Балқаш көліне дейін 6-7 сағатта жетуге болады. Алматыдан жету үшін де дәл осындай уақыт қажет", - делінген хабарламада.
"Нұр-Сұлтан-Алматы" трассасының бөлігі болып саналатын 800 шақырымдық жолдың құрылысы бірнеше жылдан бері жүргізіліп келеді. Маусым айында премьер-министр Асқар Мамин биыл жобаны толықтай аяқтауға тапсырма берген болатын.