НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек — Sputnik. Жақында ғана қала қатарына қосылған Қосшы елді мекенінің тұрғындары депутаттар мен атқарушы орган өкілдерінің көшпелі жиынында елорда мен Қосшы арасында қатынайтын көлік мәселесін көтерді.
Олардың айтуынша, қалашықтың көп тұрғыны күн сайын Нұр-Сұлтанға қатынайды.
"Тұрғындардың барлығы дерлік Нұр-Сұлтанға жұмысқа барады. Күн сайын автобус лық толы. Жүргізушілерге жаным ашиды. Автобустардың, әсіресе таңғы және кешкі уақытта қатынайтын қоғамдық көліктердің, қатынау жиілігін арттыру керек", - деді жергілікті тұрғын Райхангүл Ақбергенова.
Nur Otan партиясының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1 қарашаға дейін Қосшы мен Нұр-Сұлтан арасында жаңа автобус бағдары іске қосылады. Сондай-ақ қыркүйектің соңына қарай қоғамдық көлік аялдамаларының барлығына жөндеу жүргізіледі.
Партияның республикалық қоғамдық қабылдауына Қосшы қаласының тұрғындары қалдықтарды утилизациялау, сумен жабдықтау және көлік проблемалары бойынша өтініш қалдырды.
"Орталық аллея қоқыс алаңына айналғалы қашан. Мұнда балалар ойнайды. Қолқаны қабатын иіс пәтерге де кіріп жатыр. ПИК-ке де шағымдандық, олар бізді әкімдікке бағыттайды. Ал әкімдіктегілер ПИК-ке бар дейді. Осылай әр есікті қағып жүрміз", - дейді жергілікті тұрғын Әсем Есламбекқызы.
Партия бақылауынан кейін жергілікті билік қазан айында 20 қоқыс контейнерін орнатуға уәде етті. Осы жылдың 1 желтоқсанына дейін әкімдік тұрғын үйлерге су қысымын көбейтетін қосымша насос қояды.
Қосшы – Ақмола облысының Целиноград ауданындағы қала. Нұр-Сұлтаннан 2-3 километр қашықтықта орналасқан. 2021 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан президентінің жарлығымен ол облыстық маңызы бар қалаға айналды.
- Нұр-Сұлтанда "Bus lane" жолағы алынып тасталды
- Елорда іргесіндегі елді мекен тұрғындарының шыдамы таусылып, көшеге шықты
- Қосшы мектебінде 1 "Ы" сыныбы ашылды
- Қосшы астанаға қосыла ма – Көлгінов жауап берді