НҰР-СҰЛТАН, 6 қыркүйек – Sputnik. Америка 11 қыркүйекте болған террактінің 20 жылдығына дайындалып жатыр. Бүкіл әлемді дүр сілкіндірген бұл оқиғадан кейін АҚШ үкіметі халықаралық терроризмге қарсы соғыс ашып, басқа елдерде қарулы интервенция жүргізуді бастады.
"Егіз" ғимаратқа соғылған ұшақтар, тірідей жанып кетпес үшін жоғары қабаттан жерге секірген адамдар, үш биік ғимараттың жерге опырыла құлауы халықаралық қауымдастықтың америкалықтарға бүкіл әлем бойынша террористермен күресуге мандат беруіне себепші болды. Енді бұл соғысты қорытындылауға болады, деп жазды РИА Новости.
АҚШ-тың белгілі Браун университетінде америкалықтар оккупациялаған елдерде осы уақыт ішінде кемінде миллион адам көз жұмғанын есептеді. Алайда "Соғыс салдары" университет жобасының негізін қалаушылардың бірі – Нита Крофорд бұл көрсеткіш айтарлықтай азайтылған деп санайды.
Басқа құқық қорғаушылардың бағалауы бойынша құрбандар саны әлдеқайда көп. "Әлеуметтік жауапкершілікті жақтайтын дәрігерлер" 2001-2015 жылдар аралығында Ауғанстан, Ирак пен Пәкістанда жарты миллионға жуық адам мерт болғанын айтады.
Браун университетінің баяндамасында қаза тапқандардың ішінде 387 мың – бейбіт тұрғын, 200 мыңға жуығы – америкалықтардың жағында соғысқан жергілікті әскерилер, 300 мыңнан астам – америкалықтар "террористер" деп атаған жергілікті партизандар екені көрсетілген. Бірақ Нита Крофорд қайтыс болғандардың басым бөлігі бейбіт тұрғындар екенін мәлімдеді.
Терроризммен соғыс кезінде жеті мыңға жуық АҚШ әскери қызметкері, келісімшарт бойынша қызметке қабылданған сегіз мыңға жуық әскери қаза болды. Бұл оккупацияланған елдердегі тұрғын санынан жүз есе аз.
Экс-президент Джордж Буш кезінде америкалықтар Ирак, Ауғанстан және басқа елде "ұлттық демократиялық мемлекет" құрады деп уәде етті. Барлығы әлемнің ең бай елінің мұндай мүмкіндігі бар деп сенді. Сондықтан америкалықтар проблемалы елдің аумағына кіріп, шынайы террористік топтардың көзін жойып, жергілікті қуатты саясаткерлерді ынтымақтастыққа шақырады да, соларға сүйену арқылы мемлекетті реформалайды деп күтті.
Мысалы, Ауғанстанға бұрынғы король Захир-шахты шақыру оңды болар еді. Ол үлкен беделге ие болды. Сондықтан елді біріктіре алар еді. Бірақ америкалықтар мұндай шара қабылдаған жоқ. Олар билікке келетін адамдарды өз қалауына қарай таңдады.
Дәл сол Браун университеті АҚШ бұл соғысқа сегіз триллион долларға жуық қаражат жұмсағанын айтты. Ресми түрде бұл ақша оккупацияланған аумаққа бағытталған болар. Алайда күні бүгін Ирак пен Ливия кедейлікке белшесінен батқан. Ауғанстанда халықтың үштен бірі ашығып жатыр.
Бұдан бөлек ауған жері қазір есірткі өндірісі және тасымалымен айналысатын "көшбасшы" аумақ болып отыр. Сонымен қатар Ауғанстан, Ирак, Ливиядағы теракт саны да азайған жоқ. Керісінше, азаматтық соғыс өршіп, тайпалар өзара қырқысуда. Батыс демокртиясының орнына әйел мен баланың құқығын шектейтін, қатыгез заңға негізделген көне дәуірдің қатаң қағидалары енгізілді.
Америкалықтардың о баста террористік деп жариялаған ұйым көшбасшыларымен қарым-қатынасы да екіұдай ой тудырады. Олар "Талибан"* жетекшісін түрмеге жапты да, артынша босатты. Бүгінде Кабулды басып алғандар да дәл осы содырлар.
"Терроризммен соғыстың" елдің екіге жарылуына алып келуі бейбіт тұрғындардың өмірін қиды. 1996 жылы CBS арнасында Мадлен Олбрайттан сұхбат алған тележүргізуші "ЮНИСЕФ мәліметі бойынша, америкалық санкциялар салдарынан Иракта миллионға жуық бала көз жұмды. Бұл Хиросимадағыдан көп" деген дерек келтірді. Бұған Олбрайт "Басқа амал болмады" деп жауап қайтарды.
Мұндай қайғылы өлім-жітім әлі да азайған жоқ. Күні кеше ғана америкалық бомба Кабулдағы автокөлікті жарып жіберді. Жарылыс салдарынан жиырмаға жуық ауған, соның ішінде алты бала қаза болды.
*Қазақстанда тыйым салынған террористік ұйымдар