Экономика

"Бизнес одан сайын құлдырайды": кәсіпкерлер тексерістердің басталуына наразы

© AP Photo / Marcio Jose SanchezСатушы, архив сурет
Сатушы, архив сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.09.2021
Жазылу
Мораторий жариялағанға дейін, кәсіпкерлерге жылына 250 мың тексеріс жасалып келгенін дәйек еткен қауымдастық, саланы жемқорлық жаулайтынына сенімді

НҰР-СҰЛТАН, 3 қыркүйек — Sputnik. Президенттің бизнес өкілдеріне жасаған жеңілдігі мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. Үкімет отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев кәсіпкерлік нысандарын тексеруге қатысты жарияланған мараторийді алып тастау жөнінде ұсыныс айтты.

Министрдің сөзінше, елдің қаржылық ахуалын жақсартуға бірден бір мүмкіндік осы.

Сауда кәсіпорындарының қауымдастығы, бұған түбегейлі қарсы, дейді "Астана" арнасы. Мораторий жариялағанға дейін, кәсіпкерлерге жылына 250 мың тексеріс жасалып келгенін дәйек еткен қауымдастық, саланы жемқорлық жаулайтынына сенімді.

"Былтыр енгізілген тексерулерге үш жылдық мораторий кассалық тәртіпті төмендетті. Жосықсыз кәсіпкерлер бұл бастаманы салықтан жазасыз жалтару мүмкіндігі ретінде қабылдауда. Осыған байланысты микро және шағын бизнес субъектілерін тексеруге мораторийді алып тастау мәселесін қарастыруды ұсынамыз" - деді министр.

Министр көп кәсіпкер мораторийді өз пайдасына асырып отыр деген пікірде.

"Атамекен" палатасы болса, бұл ұсыныспен келіспейді. Олар мұны президенттің тапсырмасына қарсы шығу деп бағалады.

Олардың айтуынша, 2019 жыл мен былтырғы кіріс деңгейінің 60 пайызға дейін төмендеуі мораториймен байланысты емес.  

"Пандемияға байланысты төтенше жағдай режимін енгізгендіктен, 2020 жылдың 16 наурызынан бастап 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін барлық кәсіпкерлік субъектілерінің қызметі тоқтап тұрды. Шектеулер әлі де бар. Кәсіпкерлер негізінен табыс салығын төлеуден босатылған. Соңғы шешімді президент шығаруға тиіс. Кәсіпкерлердің алаңдаушылығын ескеріп, мораторийге салынған тыйымды күшінде қалдырады деп ойлаймыз", - дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасының жауапты хатшысы Асқар Қысықов.

Қаржы министрінің ұсынысына сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті де түбегейлі қарсы. Ол ұсыныс қабылданса отандық бизнес одан әрі құлдырайды деп есептейді.

Дегенмен ұсыныстың қабылдану мен қабылданбауы белгісіз. Десе де, миллионға жуық микро, шағын бизнес өкілдері бар қауымдастық, салықтық тексерісті енгізбес үшін тиісті органдардың бәріне хат жолдамақ. Жалпы, Президенттің қаулысына сәйкес мораторий 2023 жылға дейін жалғасуы керек.

Оқи отырыңыз: Кәсіпкерлер "жасыл" статусы барлар үшін той өткізуге рұқсат беруді сұрады

 

Жаңалықтар
0