Қоғам

Белгілі қазақ жазушысы өмірден өтті

© Sputnik / Абзал КалиевКітап сөресі
Кітап сөресі - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.08.2021
Жазылу
Министр жазушы оқырман қауымның үлкен ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра қалдырғанын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 30 тамыз – Sputnik. Белгілі қаламгер, "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Несіпбек Дәутайұлы жетпіс бес жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

"Несіпбек Дәутайұлы бүкіл саналы ғұмырын ұлттық әдебиетімізді дамытып, руханиятын ұлықтау жолына арнаған қарымды қаламгер, дегдар жазушы тұлға еді. Мазмұны терең, көркемдігі кемел шығармаларымен қатары қалың оқырман қауымның үлкен ілтипатына бөленіп, артына өшпейтін рухани мұра қалдыра білді. Ардақты ағамыздың жарқын жүзі мен ұлттық руханияттағы тұлғасы халықтың жадында мәңгi сақталады деп сенемін", - деп жазды министр Facebook-те.

Несіпбек Дәутайұлы 1947 жылы 30 ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданы Киров атындағы колхозда (қазіргі Кенен ауылы) өмірге келген. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген.

Тағы оқыңыз: Ілияс Жансүгіровтың ұлы дүниеден озды

Еңбек жолын 1972-1980 жылдары аудандық "Қордай" газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы ретінде бастады. Кейін Жамбыл облыстық газетінде меншікті тілші болған. "Жамбыл" әдеби-көпшілік журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық филиалының директоры болып жұмыс істеді.

Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының, "Қазақ әдебиеті" газетінің проза жанры бойынша лауреаты. 2009 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. 2019 жылы "Құрмет" орденінің иегері атанды.

Жазушының артында оқырманға мұра болып "Ақ көгершін", "Алма ағашының бұтағы", "Әнім сен едің" атты повестері, "Құдірет пен Қасірет" романы, "Көгілдір көйлекті келіншек", "Ойынды еті он бөлек", ІІ томдық таңдамалы шығармалар жинағы қалды. 2019 жылы Түркияның Анкара қаласында "Жол" кітабы түрік тілінде жарық көрді.

Жаңалықтар
0