НҰР-СҰЛТАН, 27 маусым – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин парламент палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы өкімге қол қойды, деп хабарлады мәжілістің баспасөз қызметі.
"1 қыркүйек күні сағат 11-де парламенттің бірлескен отырысы Нұр-Сұлтан қаласында шақырылсын", - делінген бұйрық жазбасында.
Парламент регламенті бойынша екі палатаның сессиясын мемлекет басшысы ашады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 маусымда парламент есеп беріп, каникулға кеткен болатын.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар парламенттік каникулдан кейін қандай заң жобаларымен жұмыс істейтінін айтқан.
"Алдағы сессияда екі палата депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұр. Ол, ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын толықтай сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты депутаттық корпус үкіметпен бірлесіп, ұлттық экономиканы және кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сонымен бірге тәуелсіздікті және демократияны одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмыс атқарады", - деді спикер парламент палаталарының бірлескен отырысында.