Қоғам

Депутаттар жазғы демалыстан кейін қандай заң жобаларын қарайды

© Sputnik / Болат ШайхиновЗаседание сената парламента РК
Заседание сената парламента РК - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.06.2021
Жазылу
Қазір палата қарауында 35 заң жобасы жатыр

НҰР-СҰЛТАН, 30 маусым – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттар парламенттік каникулдан кейін қандай заң жобаларымен жұмыс істейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Алдағы сессияда екі палата депутаттарының алдында көптеген маңызды міндеттер тұр. Ол, ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын және президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын толықтай сапалы заңдармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты депутаттық корпус үкіметпен бірлесіп, ұлттық экономиканы және кәсіпкерлікті дамыту, азаматтарды әлеуметтік қолдау, сонымен бірге тәуелсіздікті және демократияны одан әрі нығайту бойынша белсенді жұмыс атқарады", - деді спикер парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Ол парламент осы жолда өзінің заң шығару қызметін тиімді жалғастыратынын атап өтті.

Айтуынша, қазір палата қарауында 35 заң жобасы жатыр. Олардың арасында өнеркәсіптік саясат, өсімдіктер дүниесі, Семей ядролық қауіпсіздік, әскери полиция органдары туралы заң жобалары бар.

"Ал ең негізгі заңдардың бірі –  еліміздің бас қаржы құжаты. Осыған байланысты біз әдеттегідей үш жылдық – 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдаймыз. Онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын күшейтуге, пандемия салдарын еңсеруге, ел дамуындағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға қажетті мемлекеттік қаражат заңмен бекітіледі", - деді мәжіліс төрағасы.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтардың өмірін өзгертті: 2021 жылы қабылданған 5 маңызды заң

Сонымен қатар, оның сөзінше, екінші сессияда мемлекеттік жастар саясаты, қоғамдық бақылау және басқа да халық проблемасын шешуге арналған заңдар қабылданады.

Алдымызда ұзақмерзімді әлеуметтік-экономикалық және сасяи реформаларды заң деңгейінде жүзеге асыру бойынша үкіметпен бірге атқаратын шаралар әлі де өте көп. Сол үшін келесі сессияда осы бірлікті, осы тұрақтылықты сақтай отырып, еліміздің кемел келешегін нығайту жолында абыроймен қызмет атқарамыз деп сенемін, деп түйіндеді сөзін Нығматулин.

Айта кетсек, бүгін, 30 маусымда жетінші сайланған парламент бірінші сессияның жұмысын қорытындылап, каникулға кетті. Енді қос палата депутаттары қыркүйекке дейін өңірлерді аралап, сайлаушылармен кездеседі.

Жаңалықтар
0