Қоғам

Тоқаев Жамбыл облысында болған жарылысқа байланысты шұғыл жиналыс өткізді

Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 27.08.2021
Жазылу
НовостиTelegram
Мемлекет басшысы оқ-дәрі сақталған қоймада болған жарылыстардан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты

НҰР-СҰЛТАН, 27 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған жарылыстарға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-те хабарлады.

Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

"Кеше Жамбыл облысының Байзақ ауданында төтенше оқиға болды. Қарулы күштеріміздің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шықты. Артынан бірнеше жарылыс болды. Жергілікті тұрғындар аман-есен. Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін", - деді президент.

Жиынға премьер-министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты. Сондай-ақ Тараз қаласынан бейнебайланыс арқылы қорғаныс, төтенше жағдайлар министрлері және Жамбыл облысының әкімі қосылды.

Тағы оқыңыз: Жарылыстан кейінгі жағдай: тұрғындарға көмек көрсетіліп жатыр — фото

Уәли шұғыл жиналыс туралы толық ақпарат Ақорда сайтында жарияланатынын жазды.

Тараз түбіндегі жарылыс

26 тамыз кешке Жамбыл облысы Байзақ ауданында әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бір сағаттан кейін жарылыс басталды. Анықталғандай, қоймада инженерлік оқ-дәрі сақталған.

Жақын маңдағы елді мекен тұрғындары Тараз қаласына эвакуацияланды. 

ТЖ министрлігінің ақпаратынша, соңғы деректер бойынша төтенше жағдай салдарынан 9 адам қаза тапты. Олардың арасында ТЖ министрлігі, әскери бөлім, әскерилендірілген күзет пен әскери прокуратура қызметкерлері бар.

Қаза болғандардың жеке басы анықталып жатыр. Жоғалып кеткен екі адам туралы деректер анықталуда.

Ішкі істер министрлігі Қылмыстық кодекстің 462-бабы (Қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың таратылуына байланысты Қылмыстық кодекстің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша да тергеу жүріп жатыр.

Жаңалықтар
0