НҰР-СҰЛТАН, 25 тамыз – Sputnik. "Хабар 24" арнасының тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді Алатау әкімдігіне кіргізбей қойды. Күзетші оны далаға көтеріп алып шыққан.
Видеода күзетшінің журналисті лифтке кіргізбей тұрғанын көруге болады. Одан кейін ер адам нәзік қызды көтеріп алып, далаға шығарып тастайды. Жол-жөнекей оған біреу турникетті де ашып береді.
"Сен - Әкімдік пен Халық арасындағы көпірсің", - дедіңіздер. Мен желпілдеп жетіп бардым. Әкімдік болса сіздердің көпірлеріңізді далаға лақтырып жіберді. Бітті. Алматы қаласы Алатау ауданындағы әкімдіктен мәңгі естелік.
РS: Мама менде бәрі жақсы. Уайымдамаңыз", - деп жазды Тәңірберген.
"Міне, әкімдіктің күзетшілері осылай жұмысы істейді", - дейді тілші.
Алатау әкімдігі ғимаратта болған жағдайға қатысты түсініктеме берді.
"Карантиндік шектеулерге байланысты Алатау ауданы әкімдігінің ғимаратына кіру шектелген және Ashyq қосымшасы бойынша жүзеге асырылады. Журналист А.Тәңірберген оператормен бірге ғимаратқа қосымшадағы өз мәртебесін сканерлемей, турникеттің астымен өткен, бұл туралы тиісті бейнежазба бар. БАҚ өкілдері күзет қызметі қызметкерлерінің ескертулеріне жауап бермей, жанжалды жағдайды туындатты", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алатау ауданының әкімдігі күзет қызметінің әрекеті де орынсыз екенін мәлімдеді. Осыған байланысты қызметтік тергеу жүргізіліп, оларды жауапкершілікке тарту мәселесі қарастырылады.
"Сонымен қатар, әкімдік БАҚ өкілдерімен конструктивті негізде жұмыс істеу үшін ашық және өз құзыреті шеңберінде қызығушылық танытқан ақпаратқа қол жеткізуге дайын екенін атап өтеді. Аудан әкімі журналистерге сұхбат беруге дайын", - делінген ресми хабарламада.
Ал "Хабар 24" арнасының директоры Алена Горбачева әлеуметтік желіде журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау фактісі бойынша полицияға арыз дайындалып жатқанын жазды.
Оқи отырыңыз: Алматыда вакцина салдырғанын айғақтайтын паспорт сатылып жатыр ма – басқарма жауап берді