НҰР-СҰЛТАН, 22 тамыз — Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапары барысында өңір басшылығына эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Ақорда.
Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев "Dolce" кәсіпорнына барды. Президентке компанияның жұмысы мен шығаратын өнімдері туралы мәлімет берілді.
Бұдан бөлек мемлекет басшысына облыстағы денсаулық сақтау саласының жағдайы туралы баяндалды. Алматы облысында коронавирусқа қарсы іс-шаралар аясында қысқа мерзімде 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 180 жедел жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыстың 17 ауруханасы оттегі станцияларымен, төсек-орындардың 45 пайызы оксигенотерапиямен қамтылған. 17 компьютерлік томограф, 53 рентген, 75 Хай Флу, 606 жасанды тыныс алдыру аппараты жұмыс істеп тұр.
Өңір басшылығының ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта 649 мың тұрғын екпенің І компонентін, 510 мыңы II компонентін салдырған. Осылайша облыс халқының 60 пайызы вакцина алған.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды, вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды.