АЛМАТЫ, 17 тамыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның құжатын сатып алғандарға "рақымшылықтың" жаңа түрі ұсынылып отыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстанға медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин айтты.
Профессор – Қазақстанда коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі "Ел үшін егілемін" азаматтық штабы сарапшыларының бірі. Локшин жалған құжат жасатқандарға да "рақымшылық" жасауға бастамашы болып отыр.
"Біз вакцина құжатын сатып алған адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырғысы келсе, бұған дейін жойылған мемлекеттік вакцинаның құнын төлеуін ұсынып отырмыз. Артынша ол адамға вакцина салады. Олар қудаланбауын ұсындық", - деді Вячеслав Локшин.
Бұл бастама вакцина құжатын сатып алғанын мойындап, вакцина салдыруға келетін қазақстандықтарға бағытталған. Профессордың сөзінше, бастапқыда вакцинадан қорқып, құжат сатып алғандар көп. Олардың ішінде қазір вакцина салдырғысы келетіндер де бар. Алайда олар өз әрекеті үшін жауапқа тартылудан қорқады.
"Ойланбастан вакцина құжатын сатып алып, қазір вакцина салдырғысы келіп жүрген адамдарды білемін. Олар адамдардың ауырып, қайтыс болып жатқанын көріп отыр. Ал олар барып вакцина салдыра алмайды, себебі жүйеде вакцина салдырған деп жазулы тұр. Олар үшін арнайы немесе қалыпты пункт ашу керек. Алайда олар вакцинаның құнын төлеуі керек, себебі бір доза бұған дейін де жұмсалды", - деді Локшин.
Мұндай азаматтар елде ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына кедергі келтіреді. Сонымен қатар вакцина салдырғандар арасында мұндай қанша адам бар екені белгісіз, дейді дәрігер.
"Ертең олар ауруханаларға түскен кезде он доллар емес, мың доллар жұмсаймыз. Сол себепті осы жолды таңдауға шақырамын", - деді ол.
Азаматтық штаб әлеуметтік желіде вакциналау мәселесіне назар аудартып отыр. Дәрігердің айтуынша, олар әлі биліктен ресми жауап алған жоқ.
"Біздің мақсат – ұжымдық иммунитетті қалыптастыру және қалыпты өмірге оралу. Біз бұл қозғалысқа қаншалықты көп адам тартсақ, емханаларда науқастардың саны соғұрлым аз болады", - деді Локшин.
Қазақстанда коронавирус пандемиясымен күрес жөніндегі "Ел үшін егілемін" азаматтық штабы биыл тамызда құрылды. Қозғалыстың көшбасшысы – экономист Рахым Ошақбаев. Штаб құрамына медицина саласындағы сарапшылар, журналистер, блогерлер кіреді.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бастапқыда вакцина құжатын қолдан жасатып, кейіннен коронавирусқа қарсы вакцина салдырғысы келетін адамдарға қатысты ұсыныс айтты.
"Вакцина алмай, құжатын жасатқан адамдар вакцина салдырғысы келсе, өз қалтасынан төлеуін қолдаймын. Себебі кезінде вакцинаны пайдаланбай, үкіметке де, қоғамға да зиян әкелді. Көп жағдайда ол вакцинаны төгіп отырған", - деді Жандарбек Бекшин.