НҰР-СҰЛТАН, 17 тамыз – Sputnik. Қазақстан президенті Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының төрағасы, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесумен түйіндеді.
"Тараптар жаһандық климаттың өзгеруі, экономиканы көміртегінен ада ету, "жасыл технологияларды" енгізу мәселелерін талқылады", - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер мен заманауи сын-қатерлер туралы пікір алмасты.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Корея бизнесмендерін Қазақстанда 5G технологиясын дамытуға шақырды
Пандемияға қарсы күресті күшейтуге және Ауған мәселесін реттеудің перспективаларына ерекше назар аударылды.
Пан Ги Мун 2007-2016 жылдары БҰҰ бас хатшысы болды. Қасым-Жомарт Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы лауазымын атқарды.