НҰР-СҰЛТАН, 11 тамыз — Sputnik. Америка Қытай мен Ресейге қатысты өз стратегиясынан жаңылысып қалғандай. АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Мәскеу мен Бейжіңді "Американы қаралап, оның әлем алдындағы көшбасшы рөлін төмендетуге тырысып жатыр" деп айыптады, деп жазды РИА Новости.
Американың мықты тұстарын жіктеп болғаннан кейін Блинкен бәрібір бәсекелестер әлем аренасында АҚШ-ты ығыстырып жатқанын мойындады. Сондықтан Америкаға "ішкі жаңаруға" зер салуға тура келеді. Себебі АҚШ әлем рейтингінде жалпы өнімге шаққанда инновацияларға салынған инвестициялар көлемі бойынша 9-шы және инфрақұрылым бойынша 13-ші орынға төмендеді.
Блинкен "қазір бүкіл әлемде демократияға қауіп төнгенін және авторитаризм мен ұлтшылдық белең алып келе жатқанын", бірақ "АҚШ адам құқықтары мен саяси еркіндігі үшін күн сайын күрес жүргізіп жатқанын" айтты.
Американың қаржы-экономикалық қуаты Қытайдыкінен әлі де жоғары, қарулы күштері орыстардыкінен қуатты екені белгілі. Жалпы АҚШ-тың геосаяси ықпалы да ауқымды. Бірақ америкалық жаһандық стратегияның дағдарысын бүгінде бүкіл әлем көріп отыр. Американың ішіндегі дағдарыстың да куәсі болуда.
Вашингтонның кез келген ұсақты-ірілі қылмысқа Ресей мен Қытайды жиі айыптауы да оларға кері әсер етіп отыр. Олардың ішінде Ресейді президент сайлауына араласты деп, Қытайды әлем саудасы мен экономикасындағы әділетсіз бәсекелестікке айыптағаны бар. Енді Қытай мен Ресей АҚШ-тың құлдырауы туралы басқаларға ақпарат таратуда деп кінә тақты. Бірақ оны ешкімге айтпаса да, бәрі көріп отыр.
АҚШ қазір о баста Ресей мен Қытай қарым-қатынасы берік емес деп пайымдады. Бірақ американың осы екі мемлекетке қатысты жаулық көзқарасы керісінше Қытай мен Ресейді одан бетер жақындастырғандай. Себебі бүгінде Ресей мен Қытайдың стратегиялық өзара ынтымақтастығы артып жатыр.
Америкалықтар енді Ресей-Қытай альянсын ресейлік тараптан бұзуға әрекет жасап жатыр. Олар орыстарды қытайлармен бірге болу тиімді емес екеніне сендіргілері келеді.
"Ресей мен Қытай үйлесімді серіктестер емес. Тарихта бұл екі мемлекет жауласып келді. Кремль 150 мың халқы бар Ресейдің бір жарым миллиардқа жуық тұрғыны бар Қытайға төтеп бере алмайтынын жақсы түсінеді. Қытай экономикасы орыстардыкінен шамамен он есе көп. Технологиялар мен инновациялар тұрғысынан да Қытай әлдеқайда жоғары тұр" деп жазды Джорджтаун университетінің провессоры Чарльз Капчан Foreign Affairs басылымындағы мақаласында.
Капчан Ресейді Қытайдан ажырату соншалық оңай екеніне күмәнданғанымен, мұны жүзеге асыруға тырысып көруге болатынын жазған. Бірақ джорджтаундық профессордың мақаласындағы қызықты тұс оның Ресейді Батыстың жағына шығаруды ұсынуында болып отыр. Ол тіпті осыған қатысты бірнеше қадамды егжей-тегжейлі жазған.
Оның қатарында "Ресейдің Қытай экономикасына тәуелділіін бәсеңдету және осыған бүкіл батыс әлемі күш салуы" бар. Осы тұста Капчан Байденнің "Солтүстік ағын – 2" жобасын мақұлдағанын мақтап, оны "Ресей мен Еуропа қарым-қатынасындағы сауда байланысын тереңдетудің ақылды әдісі" деп атады. Сонымен қатар "Мәскеуді Қытайдың Орталық Азия, Таяу шығыс пен Африкадағы артып жатқан ықпалын бәсеңдетуге көндіру" де айтылған.
Бірақ Ресей мен Қытайдың белгілі бір мәселелерде қарама-қайшылықтары болғанымен, бұл екі ел бірін-бірі тежеуді мақсат тұтпайды. Сондықтан Вашингтонның Мәскеуді Бейжіңнен немесе Бейжіңді Мәскеуден ажыратудың еш мүмкіндігі жоқ.