НҰР-СҰЛТАН, 9 шілде – Sputnik. Мұнай мен газдың жаһандық бағасы көпжылдық максимумге жетті. Өткен аптадағы түзетулерді есепке алғанның өзінде бұл көрсеткіш жоғары болып отыр. Енді не болмақ? Себебі нарық заңына сәйкес жоғары баға қосымша ұсыныс пен нарықтың әлсіреуіне себепші болуы керек, деп жазды РИА Новости.
Жалпы бұл жағдайда мұнай мен газ нарығындағы ахуалдың ұқсас әрі өзгеше тұстары бар. Ұқсастығы – қосымша ұсыныстың әлеуетті көзі – АҚШ-тағы мұнай мен газдың тақтатасты өндірісі. Айырмашылығы жоғары бағаға қатысты әсер ету жылдамдығында. Себебі мұндайда процесс әлдеқайда жылдам жүреді.
Мұнай бағасының жоғарылауына не себеп болғаны белгілі. Сұраныс қалпына келіп жатыр, ал ОПЕК+ аясындағы келісімдер әлі де өз күшінде. Әйтсе де шектеулер біртіндеп алынып жатыр. Бірақ күніне төрт миллион баррельден астам мұнайға осы келісім аясында тыйым салынған. ОПЕК+ пен тақтатасты өндірістен тыс салаға инвестиция көлемі төмендеуіне байланысты ұсыныс бәсеңдегені анық.
Сәйкесінше нарықта шикізат тапшылығы болғанда немесе шамадан көп жиналған жағдайда ОПЕК+ тобы баға барлығы үшін тиімді деңгейде болатындай етіп өндірісті арттырып немесе бәсеңдетіп, бірақ тақтатастың өсуін шектеп отыруы керек. Теория жүзінде бәрі түсінікті. Алайда іс жүзінде осы әдісті жүзеге асыру барысында ОПЕК+ қатысушылары арасында дау мен келіспеушілік жалғасып келе жатыр.
Әйтсе де жоғары бағаны ұстап тұруды жақтайтындардың бір уәжіне құлақ асуға болады: тақтатас өндірісін қалпына келтіру тым бәсең жүріп жатыр, америкалық өндіріс өсіп жатқан жоқ. Бұрғылау жұмыстары пандемия кезінде құлдыраудың небәрі 40 процентін ғана іске асырып үлгерді. Алайда қарқын өндірісті арттыруға қарай келе жатқаны байқалады.
Сондықтан өндірісті арттырмай, бағаның қымбаттауы байқалған шақта акционерлердің қаражатын қайтаруға ұмтылу арқылы америкалық тақтатас мұнайын өндірушілер ОПЕК+-ке қосылып отыр. Алайда олар үшін 75-80 доллар шегіндегі мұнай аса тартымды баға болып отырғаны жасырын емес.
Ұсыныс тарапынан алғанда үш белгісіздік факторы тіркеліп отыр. Біріншіден, ОПЕК+-тегі жаңа келіспеушіліктер белгісі, бұл қазіргі шектеулердің мерзімін ұзартумен де, өндірістің артуына әкелетін арадағы кикілжіңмен де аяқталуы мүмкін. Екіншіден, АҚШ-тағы өндіріс көлемі ынталандырып отырған мұнайдың жоғары бағасы. Үшіншіден, "Иран факторы".
Газ нарығында да қызықты жағдай қалыптасты. Соңғы жылдардағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда мұнда қазір баға әлдеқайда жоғары және көпжылдық максимумге жетті. Оның себептері белгілі болғанмен жарты жылдан астам уақыт бұрын нарықтағы жағдай қазіргіге қайшы болатын.
Қазір сұйылтылған табиғи газ Азияға кетіп жатыр, Еуропада көмірқышқыл эмиссиясына арналған квота бағасы өсіп жатыр. Бұл электр түзу жүйесін көмірден газға көшіруге себеп болады. Сонымен қатар "Газпром" жеткізу көлемін шектеп отыр. Анығырақ айтсақ, Еуропаға газ жөнелту көлемін бәсеңдетті.
Осы тұста сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қатысты қандай да бір болжам жасау мүмкін емес. Себебі оған ықпал ететін түрі фактор бар. Алайда мұнай секторы мен тақтатасты өндіріс арасындағы айырмашылықты ажыратып көруге болады.
АҚШ-та газдың ішкі бағасы да біршама артты. Бірақ АҚШ-тағы қазіргі газ құнымен америкалық сұйылтылған табиғи газды экспорттаушылар жаһандық нарықта жақсы табыс тауып отыр. Бірақ мұнайшылар қаласа мұнайдың қазіргі бағасын да өз кәделеріне жарата алады. Ал газ нарығында мұндай қитұрқы әрекетке бару мүмкін емес.
Бір қызығы, соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі сарапшылар да мынандай тұжырымды жиі айтып жүр: "Газпром" Еуропада бағаның қымбаттауына жол бермеуге тырысып, осы арқылы АҚШ-та сұйылтылған табиғи газ өндіретін жаңа зауыттардың құрылысын ынталандырмай отыр. Расында да "Газпром" көп жағдайда Еуропаға газ экспортын арттыруға тырысты. Оған жоғарыда аталған себеп негіз болды.
Бірақ қазір жағдай өзгерді: "Газпром" "Солтүстік ағын – 2" жобасының іске қосылуын күтіп отыр. Сондықтан Украина арқылы шикізат тасымалдау көлемін ұлғайтуға асығар емес.
Бір уақытта еуропалық қоймалардағы газ тапшылығы "Солтүстік ағын – 2" жобасын болашақта іске қосуға саясат тұрғысынан кедергі келтіру мүмкіндігінен айырып отыр. Қалай болғанда да бұрын іске асқан тұжырымдама қазір жарамсыз болып қалды. Тым жоғары бағадан "Газпром" да қомақты табыс көріп отыр.
Әзірше АҚШ-та сұйылтылған табиғи газ өндірісінің жаңа зауыттарын салу бойынша нақты шешім болмағанымен, болашақта олардың құрылысы басталатынына күмән жоқ. Себебі нарықта қалыптасып жатқан жағдай осыны талап етуде.