НҰР-СҰЛТАН, 6 тамыз – Sputnik. Қазақстандық каратеші Нұрқанат Әжіқанов Токио Олимпиадасының жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екінші айналымда Әжіқанов неміс спортшысы Ноа Битчпен тең түсті. Бірақ қарсыласы "сеншу" ұпайының арқасында жеңіске жетті. Дегенмен үшінші жекпе-жекте жерлесіміз екі дүркін әлем чемпионы Луиджи Бусты 2:0 есебімен тізе бүктірді. Ал төртінші айналымда Әжіқанов бес дүркін әлем чемпионы Рафаель Агаевқа жол беріп қойды. Осылайша төрт жекпе-жектің қорытындысы бойынша 4 ұпайға ие болып, жартылай финалға шыға алмады.
Айта кетері, 67 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Дархан Асаділов қола жүлдеге ие болды. Ал каратеші қызымыз Мөлдір Жаңбырбай жарыс жолынан шығып қалды. Токио Олимпиадасына бес қазақстандық каратеші аттанған. Олар: Дархан Асаділов (67 келі), Данияр Юлдашев (+75 келі), Софья Берульцева (+61 келі), Мөлдір Жаңбырбай (55 келіге дейін) және Нұрқанат Әжіқанов (75 келіге дейін).