НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы 20 маусымда Алматы қаласында туды. Бұл туралы ұлттық статистика бюросы хабарлайды.
Халықтың ағымдағы есебі деректеріне сәйкес 2021 жылдың 20 маусымында Қазақстан Республикасының 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.
"Еліміздің он тоғыз миллионыншы тұрғыны ретінде Жания Азаматқызы анықталды. Ол Алматы қаласында туған, отбасында төртінші бала", - делінген хабарламада.
Туу туралы актісіне сәйкес, нәрестенің ата-анасы Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады. Анасы – 1986 жылғы Назгүл Көбентаева, әкесі – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев.
Бұл ретте Ұлттық статистика бюросы он тоғыз миллионыншы тұрғын қалай анықталғанын түсіндірді. Оны анықтау кезінде табиғи қозғалыс өсімі (белгілі бір кезеңде дүниеге келгендер мен қайтыс болғандар арасындағы айырма) және халықтың көші-қон айырымы (ел аумағына белгілі бір кезеңде келгендер саны және оның шегінен тыс кеткендер саны арасындағы айырма) ескерілген. Кандидатура жалпы республика бойынша, тұратын жеріне тәуелсіз анықталды.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы дүниеге келді – Тоқаев
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан халқының саны 2 557,9 мың адамға (15,5%) өсіп, биыл 1 шілдеде 19 009,6 мың адамды құрады.
3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.