НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Қазақстан халқы 19 миллион адамға жетті. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев хабарлады.
"Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан халқының саны тарихи межеге жетті. Алматы облысында дүниеге келген Жәния Азаматқызы еліміздің он тоғыз миллионыншы азаматы ретінде тіркелді. Жәния – отбасында төртінші бала", - деп жазды Тоқаев Twitter-дегі аккаунтында.
Ол сәбидің ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.
2021 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша Қазақстан халқының саны шамамен 18 940 400 адамға жеткен болатын. Оның ішінде қалаларда – 11 204 800 (59,2%), ауылдарда – 7 735 600 (40,8%) адам.
Еске сала кетейік, Қазақстанда 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында ұлттық санақ өтеді. Оған онлайн режимде де, дәстүрлі әдіспен де қатысуға болады. Санақтың ұраны – "Қазақстанда әркім маңызды!".