Қоғам

Әкімдік 19 миллионыншы тұрғынның отбасына 1 млн теңге сыйға тартты

© Photo : СС0 / Josef PichlerАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.08.2021
Жазылу
Әкімдік нәрестенің отбасына балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады

НҰР-СҰЛТАН, 4 тамыз – Sputnik. Алматы облысының әкімдігі Қазақстанның он тоғыз миллионыншы азаматы атанған Жәния Азаматқызының отбасына 1 миллион теңгенің сертификатын тарту етті, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев пен Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев сәбидің отбасымен кездесті. Шенеуніктер қыздың ата-анасын қуанышты күнмен құттықтап, мықты денсаулық және бақытты ғұмыр тіледі.

Сондай-ақ отбасына облыс әкімінің атынан құттықтау хат пен 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады. Бұдан бөлек, балалар арбасын, сәби күтіміне арналған жиынтық, жеміс-жидек себеті мен басқа да сыйлықтар сыйлады.

Жәнияның әкесі Азамат Нұрғалиевтің айтуынша, бұл бүкіл отбасы үшін күтпеген оқиға болды.

"Біз басында сенген жоқпыз, қателесіп кеткен шығар деп ойладық. Учаскелік дәрігер хабарласып, бізді әкімдік іздеп жатқанын айтқанда ғана сендік. Біз қызымызды Қазақстанның лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге тырысамыз", - деді ол.

Ал нәрестенің анасы Назгүл Көбентаева Жәния ол үшін ерекше бала екенін атап өтті.

Тағы оқыңыз: Қазақстанның он тоғыз миллионыншы тұрғыны туралы жаңа дерек шықты

"Жәнияны біз бес-алты жыл күттік. Қызымыз дүние есігін ашқан сәттен бастап бүкіл Қазақстанға танымал болды, болашақта да белгілі азамат болады деген үміттемін", - деді келіншек.

20 маусым күні Алматы қаласының перзентханасында Қазақстанның 19 миллионыншы тұрғыны дүниеге келді.

Сәби түнгі сағат екіде туды, салмағы – 4160 грамм , ал бойы – 57 см.

Нәрестенің ата-анасы – 1982 жылғы Азамат Нұрғалиев пен 1986 жылғы Назгүл Көбентаева Алматы облысы Іле ауданы Чапаево ауылында тұрады.

Жәния Азаматқызы – отбасындағы төртінші бала.

3 тамыз күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-де Қазақстан халқы 19 миллион адамға жеткенін хабарлады. Мемлекет басшысы он тоғыз миллионыншы азаматтың ата-анасы мен қазақстандықтарды осы қуанышпен құттықтады.

Жаңалықтар
0