НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Жаңа оқу жылында оқушыларға мектеп формасы міндетті емес. Балаларға классикалық стильдегі киімді киюге рұқсат етіледі. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-те жазды.
Ол өзі ата-ана ретінде де, білім министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдайтынын атап өтті.
Cонымен қатар, педагогтердің айтуынша, мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосады, мектепке баратын балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беріп, ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектеседі.
"Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірлерін тыңдап, көбісі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірлерін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық. Бұл шешім тек қана келесі оқу жылы үшін қабылданды", - деді Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министр шешім қабылдаған кезде нені басшылыққа алғанын түсіндірді.
Біріншіден, білім министрлігі эпидемиологиялық жағдайды ескерген.
"Қазір еліміздің көптеген аймағында карантиндік шектеу шаралары күшейген. Дүкендер белгілі бір уақытта, кейбір қалаларда жұмыс күндері ғана істейді. Егер ата-аналар балаларға мектеп формасын сатып алу үшін сауда орталықтары мен дүкендерге жаппай баратын болса, онда ұзын-сонар кезек болып, Covid-19 жұқтыру қаупін тудыруы мүмкін екенін білеміз", - деді ол.
Тағы оқыңыз: Білім министрлігі оқыту форматы туралы қауесетке түсініктеме берді
Екіншіден, Аймағамбетовтің айтуынша, уақытша экономикалық қиындықтарға байланысты мектеп формасын сатып алу кейбір отбасылардың қалтасына салмақ салуы мүмкін. Сондықтан егер ата-аналар түрлі жағдайларға байланысты балаға мектеп формасын ала алмаса, онда уақытша, келесі оқу жылына дейін мектепке классикалық стильдегі киіммен баруға болады.
"Қорытындылай келе, мектеп формасына қатысты қандай шешім қабылданса да, осы мәселе төңірегінде пікірлер әртүрлі болатынын түсінемін. Мектеп формасын жақтаушылар да, қарсы болғандар да өз пікірлерін айтатыны белгілі. Бірақ бұл мәселеде біз үшін қалыптасқан жағдайды объективті бағалау және ықтимал тәуекелдерді қарастыру маңызды болды", - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.
Пандемияға дейін оқушыларға мектеп формасын кию міндетті болғанын айта кеткен жөн. Алайда былтыр эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, оқушыларға мектепке тек формамен ғана емес, классикалық стильдегі киіммен де келуге рұқсат етілді.