НҰР-СҰЛТАН, 3 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қайрат Досаев қызметінен босатылды.
2019 жылдың қарашасында Қайрат Досаев мектеп дәретханасында болған зорлау оқиғасынан кейін Тараз әкімі қызметінен кетті.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, қызметінен босатылғаннан кейін бір айдан соң, 2019 жылдың желтоқсанында Досаев еңбек инспекциясы басқармасының басшысы – бас мемлекеттік еңбек инспекторы қызметіне тағайындалды.
Ал 2021 жылы 30 шілдеде ол Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы болды.
Тағы оқыңыз: Тоқаев жұмыстан қуған экс-әкім басшылық қызметке тағайындалды
Бүгін, 3 шілде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа "2019 жылы жұмысында едәуір олқылықтарға жол беріп, қызметінен босатылған Қайрат Досаевты әкімдіктің басқарма басшысы етіп тағайындағаны" үшін сөгіс жариялады.
Мемлекет басшысы әкімге бір тәулік ішінде кадрлық қателігін түзетуді тапсырды.
Дәретханадағы зорлау оқиғасы
2019 жылы Таразда 7-сынып оқушысын мектеп аумағындағы дәретханада зорлап кеткен болатын. Мектеп ішіндегі әжетхана дұрыс жұмыс істемеген және білім ошағының аумағында бір сағат бойы жүрген бөтен адамға ешкім назар аудармаған.
Күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Полицияның мәліметінше, ол 19 жыл бұрын әйел зорлағаны үшін төрт жыл түрмеде отырып шыққан.
Тағы оқыңыз: Тараздағы сұмдық: оқушы қызды дәретханада зорлаған педофилге сот үкімі шықты
Он екі жастағы қызды зорлаған 38 жастағы педофил сот үкімімен кінәлі деп танылып, 25 жылға сотталды.
Бүкіл елді шулатқан оқиғадан кейін Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы, мектеп директоры, мектеп инспекторы және бірнеше мұғалім мен білім ошағының қызметкері жұмыстан кетті.
Бірнеше күннен кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшысына жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырды.