НҰР-СҰЛТАН, 30 шілде – Sputnik. Токио Олимпиадасында алғашқы жекпе-жекте ресейлік қарсыласынан жеңілген қазақстандық боксшы Бекзад Нұрдәулетов жақындары мен жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Бұл туралы боксшы Instagram-дағы парақшасында жазды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Алға қойған мақсатымызға жете алмадық. Бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бокстағы 13 жылдың ішінде қаншама еңбек, тер, жарақат пен қан кетті, осының бәрі сол бала кездегі Бекзадтың арманынан басталған болатын. Қандай жағдай болмаса да қасымда табылатын отбасыма, бауырларыма, жақындарыма және шын жанашыр жандарға алғыс айтамын! Нелер келіп, не кетпес ер жігіттің басына", - деп жазды Нұрдәулетов.
Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов Токио Олимпидасында 28 шілде күні сынға түсті.
81 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша өткен алғашқы жекпе-жекте қазақстандық ресейлік Имам Хатаевпен жұдырықтасты.
Жекпе-жекті екі рет тоқтатуға тура келді. Боксшылардың екеуі де жарақат алды. Төрешілер шешімімен ресейлік боксшы жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 1:4.
Тағы оқыңыз: Ермахан Ибраимов Левиттің жеңілуіне төрешіні кінәлады
Айта кетейік, Олимпиадада төрт боксшымыз қалды. Закир Сафиуллин (63 келі) мен Сәкен Бибосынов (52 келі) алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізген. Әбілхан Аманқұл (75 келі) өзбек боксшысы Фанат Қахрамоновты айқын басымдықпен жеңді. Аса ауыр салмақ дәрежесінде мысырлық боксшымен жекпе-жекке шыққан Қамшыбек Қоңқабаев 5:0 есебімен басым түсті.
Ал Қазақстанның әйелдер командасы атынан Токио Олимпиадасына барған жалғыз боксшы Надежда Рябец (75 келі) бірінші жекпе-жекте ұтылса, Серік Теміржанов (57 келі) екінші айналымнан аса алмады. Бұдан бөлек, 69 келі салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов америкалық боксшыға жол берді. Ал Василий Левит (91 келі) нокаутпен ұтылды. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов те бірінші жекпе-жекте ресейлік боксшыдан жеңіліп қалды.