Спорт

Допинг дауының қатысы жоқ: Чиншанлоның жұлқа көтеруін төрешілер неге есептемеді

© AP Photo / Luca BrunoЗүлфия Чиншанло Олимпиадада
Зүлфия Чиншанло Олимпиадада - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.07.2021
Жазылу
Мемлекеттік жаттықтырушы Токио Олимпидасында "қола" алған қос ауыр атлетші ереже бұзып, қателік жасады деп санамайтынын айтты

АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Төрешілер қазақстандық ауыр атлетші, Токио Олимпиадасында "қола" алған Зүлфия Чиншанлоның 93 келіні көтерген салмағын есептемей қойған еді. Ауыр атлетикадан Қазақстанның мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы соған қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Қазір ауыр атлетикада төрешілерге талап қатаңдаған. Бұған сол себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ төрешілердің асыра сілтеуі байқалды. Спортшылардың сәл теріс қозғалысын есепке алып, мүмкіндіктерін толық көрсетуге кедергі жасады. Бұл әсіресе Зүлфия Чиншанлоның жарыс жолында байқалды. Серпе көтеру, жұлқа көтерудің бірінші мүмкіндіктерінде көтерген салмағын есепке алмай, психологиялық жағынан кедергі жасаған жерлері бар", - деді Меңдіхан Тәпсірұлы.

Жаттықтырушы бұған ауыр атлетика төңірегіндегі допинг дауының ешбір қатысы жоқ екенін атап өтті.

"Допингтің бұған салдары тиген жоқ. Қазақ спортшыларының жаттығуына оның әсері болды деп санамаймыз. Өйткені допинг дауын толыққанды әділетті деп есептемейміз. Спортшылардың 8 жыл бұрынғы талдауын тексеру сенімсіздік тудырады. Кейінгі жылдары қазақ атлетшілерінде бірде-бір ереже бұзушылық болған жоқ", - дейді Меңдіхан Тәпсірұлы.

Ол Токио Олимпидасында "қола" алған қос ауыр атлетші ереже бұзып, қателік жасады деп санамайтынын айтты.

Меңдіхан Тәпсірұлы бұған дейін Ресей, Әзербайжан секілді елдерден кей салмақ бойынша спортшылардың шақырылғанын, алайда қазір оған қажеттілік жоқ екенін жеткізді.

"Жеңіл салмақта, қыздар арасында көрсеткіштер нашар болған. Сол деңгейді көтеру үшін сырттан спортшылар шақырылған. Енді ол мақсатымыз орындалды. Жасөспірімдер арасында жеңіл салмақта да, әйелдер арасында да ауыр атлетикамыз қарқынды дамып келеді. Сырт жақтан спортшы шақыру бізге қажет емес", - деді ол.

Айта кетейік, қазір Қазақстан қоржынында дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлетші Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло жеңіп алған үш қола медаль бар.

Оқи отырыңыз: "Өкініш байқалды": Токиода жүрген қазақстандықтар сұхбат берді

 

Жаңалықтар
0