АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Жапонияның Токио қаласында Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Коронавирус пандемиясына байланысты бір жылға шегеріліп, биыл көрерменсіз өтіп жатқан спорт жарысының басталғанына бір апта болды.
Төрт жылда бір өтетін жарысқа спортшылармен қатар бапкерлер, дәрігерлер, Олимпиададағы Қазақстан миссиясы мен БАҚ өкілдері барады.
Sputnik Қазақстан тілшісі Токио-2020 жазғы Олимпиада ойындарынан ақпарат тарату үшін Жапонияға барған әріптестерімен байланысып, экраннан тыс жарыс жағдайы туралы сұрады.
Темірдей тәртіп
Токио Олимпиада ойындары 2020 жылдың жазында өтуі қажет еді, алайда былтыр сәуірде Covid-19 пандемиясына байланысты бір жылға шегерілді. Спорт бәйгесі 2021 жылдың 23 шілдесі – 8 тамызы аралығында өтетін болды. Алайда бұл сайысқа баратын спортшылар дайындықты былтыр бастаған. Соның бірі – "Азаттық" радиосының тілшісі Руслан Меделбек.
Бұған дейін Сочи–2014, Рио–2016, Пхенчхан–2018 олимпиада ойындары мен 2014 жылы Нанкинде өткен жазғы жасөспірімдер олимпиадасынан ақпарат таратқан Руслан журналистердің қандай жағдайда жұмыс істеп жатқанын және спортшылар мен ақпарат өкілдеріне қандай шектеу бар екенін айтты.
"Пандемия басталған соң Токио Олимпиадасы болмайтыны, келесі жылға қалатыны хабарланды. Бұл ақпарат шыққан кездің өзінде барлық құжатымыз қолымызда болып, тіпті Жапонияға келген соң қай жерде тұратынымызға дейін белгілі еді. Кейінге қалғанына көңіл-күйіміз түскен жоқ. 2021 жылдың мамырынан бастап Олимпиаданың қалай өтетіні туралы құжаттар жіберіле бастады. Олимпиаданың басталуына 14 күн қалған кезде температурамызды күнделікті өлшеп, арнайы сайтқа енгізіп отырдық. Одан кейін Олимпиада кезінде коронавирустан қорғану үшін 60 беттік кітап жіберді. Оның өзі 3 рет шықты, себебі Жапониядағы коронавирус жағдайы да өзгеріп тұрды", - дейді Руслан Меделбек.
Журналистер Токиоға келер сәтте әуежайда тексеріс 5 сағатқа созылған. Ол жерде тағы бір рет коронавирустың бар-жоғына тест тапсырған.
"Токиоға келген соң 3 күн карантинде болдық. Сыртқа тек 15 минутқа шығуға рұқсат берілді. Ең жақын деген дүкенге барып үлгеру керек. Қонақүйдің өзі спорт жарыстары өтіп жатқан алаңға жақын орналасқан. Яғни, Олимпиада өтетін 14 күн бойы бізге Жапония халқымен байланысуға болмайды. Қазір тек жарысқа барып, қонақүйге қайтамыз. Енді 14-күні коронавирусқа тест тапсырамыз, нәтижесі теріс болса, қалаға шығуға болады", - дейді ол.
Қазір журналистер 4 күнде бір рет коронавирустың бар-жоғына тест тапсырады. Журналистің сөзінше, Олимпиададан хабар тарату үшін 5 мыңнан астам БАҚ өкілі барған. Оның ішінде ашылу салтанатын 3 жарым мың БАҚ өкілі қатысты. Ал пандемияға дейінгі Олимпиада ойындарына 10 мыңға дейін журналист қатысқан.
"Ашылу салтанаты өте қарапайым өтті. Сочи, Рио Олимпиадасында үлкен шоу болған. Ал мұнда адамдар арасында арақашықтық сақтау керек. Қатысатын әртістердің саны да барынша қысқартылған. Елдің атынан шығатын делегация санын да барынша азайтты. Елде жарысты өткізуге қарсылық бар. Ашылу салтанаты болып жатқан кезде сыртта наразылық шарасы болды. Халық қатты шулады, дауысы ішке естіліп тұрды. Олимпиаданың ашылу салтанаты басталғаннан шара біткенше наразылық танытты. Шара біткен соң тарап кетті. Одан кейін мұндай жағдай болған жоқ", - деді Руслан Меделбек.
Сұрақ қоюға 90 секунд беріледі
Prosport сайтының тілшісі Айбар Рысдәулет те Токиодан ақпарат таратушылардың бірі. Бұл – журналист қатысып жатқан алғашқы Олимпиада ойындары. Ол ашылу салтанаты қарапайым түрде өткенімен жапондардың Олимпиада аурасын сездіре алғанын айтты.
Қазақстандық қос тілші де Қазақстан құрамасының спортшылары алған үш қола жүлденің куәгері болған.
"Мүмкіндігінше қазақстандық спортшылар қатысатын жарыстарға баруға тырысамыз. Бір күнде 2-3 жарысқа баруға болады. Алайда көп уақыт жолға кетеді. Бір жарыс орнынан екіншісіне бару үшін кем дегенде 2-3 сағат керек. Сол себепті бағыт-бағдарды бір күн бұрын жоспарлаймыз", - дейді Айбар Рысдәулет.
Руслан Меделбектің айтуынша, журналистер өзі қалаған спорт сайысын тамашалауға бара алады. Журналистерді қажетті жарысқа апаратын автобустар дәл уақытында жүреді, олар түнгі 3-ке дейін қатынайды. Кез келген спорт сарайына кіретін кезде дене қызуын тексереді, 37 градустан асып тұрса, кіре алмайды.
"Елдос "қола" алғаннан кейін сөзінен де, өзінен де "алтын" алмадым деген өкініш байқамадым. Кез келген спортшы Олимпиадаға "алтын" алу үшін келеді. Бірақ "қоланың" өзіне қатты қуанғанын байқадым. Дзюдодан мықты қарсыластар келді. Елдостың өзі де "қола" алғанына риза екенін айтты. Олимпиадада үштікке енудің өзі жетістік. Әрине, финалда жеңілу – өте ауыр", - дейді Меделбек.
Ол сонымен қатар Серік Теміржановтың сұхбатын тыңдағанын атап өтті.
"Қолымнан келгеннің бәрін жасадым" деді. Бекзад Нұрдәулетов пен Василий Левит сұхбат бермеген екен. Ал Серіктің сұхбатынан өкініш байқалды. Әлі 4 боксшы бар. Солардың ішінде жүлдеге мүмкіндік бар. Барлығы жеңіліп қалған жоқ. Қазақстандық жанкүйерлердің өкінішін түсінемін. Өйткені "алтын" алады деген Бекзад Нұрдәулетов пен Василий Левит таза жеңілді", - деп толықтырды Руслан Меделбек.
Оның айтуынша, олардың жеңілісін ешкім даулай алмайды, бапкерлер де мойындап отыр.
Журналист Айбар Рысдәулет қазақстандық бапкерлердің спортшылардың жеңілісін қалай қабылдап жатқанын айта алмайтынын жеткізді. Себебі журналистермен құрама арасында байланыс жоқ. Спортшылар бөлек Олимпиада қалашығында тұрады.
Сондай-ақ қазақстандық спортшылармен жарыс біткен соң сұхбаттасуға мүмкіндік бар. Алайда 90 секундта сұрақ қойып үлгеру қажет.
"Барған жарысымызда спортшылармен сұхбаттасамыз. Әсіресе жүлде алған спортшыларымызды күтіп алғанда бойды ерекше сезім билейді. Мақтанышпен сұхбаттасуға арналған орынға барамыз. Олимпиадаға келген әрбір спортшымыздан жүлде күтеміз ғой. Әрқайсысының жолына үмітпен қараймыз. Әттеген-ай дейтін жағдай болды", - дейді Рысдәулет.
Журналистер Олимпиада ойындарында болжам жасау қиын екенін айтады. Себебі ол үшін спортшының 4 жыл бойы қалай дайындалғаны, олардың қандай баппен келгенін болжау қиын.
"Жартылай финалға шығудың өзі – үлкен жетістік. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина жүлдеге бір табан жақын тұрды. Қазақстандық теннисшілер бұған дейін Олимпиадада жартылай финалға шығып көрмеген, мұның өзі жетістік", - дейді Меделбек.
Қазір Қазақстанның қоржынында үш қола медаль бар. Біреуін дзюдошы Елдос Сметов жеңіп алса, екеуін ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло алып берді.
Оқи отырыңыз: Ауыр атлетика федерациясы Сон мен Чиншанлоға көлік сыйлайды