НҰР-СҰЛТАН, 22 шілде – Sputnik. Петропавлда көпбейінді облыстық балалар ауруханасында коронавирус инфекциясынан 21 бала емделіп жатыр, олардың жартысы – бір-екі жасар сәбилер. Бұл туралы көпбейінді облыстық балалар ауруханасы директорының емдеу жұмысы жөніндегі орынбасары Нұрлан Жақыпов мәлімдеді.
Ол, сондай-ақ, коронавирустан қайтыс болған бір жасар сәбидің өлімі туралы айтты.
"5 шілде күні 1 жас 2 айлық ұл баланың дене қызуы көтерілді. Алдымен ол учаскелік дәрігердің бақылауымен үйде энтеровирустық инфекция және бронхиттен ем қабылдады", - деді Жақыпов.
ПТР-тест нәтижесі алынғаннан кейін 12 шілдеде сәби "расталған коронавирус инфекциясы, екіжақты пневмония" диагнозымен облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайы нашарлаған соң, жансақтау бөліміне ауыстырылған.
Тағы оқыңыз: Балалар COVID-19 жұқтырмау үшін не істеу керек – педиатрмен сұхбат
"Жағдайы ауыр болды, интенсивті терапия алды. Нұр-Сұлтанның жетекші емханаларының профессорларымен және дәрігерлермен бірнеше рет консультация өткіздік. Біздің ем дұрыс деп танылды. Алайда ауру асқынып кетті. Өкінішке қарай, сәбиді аман алып қала алмадық", - деді Нұрлан Жақыпов.
Ол бала инфекцияны кімнен және қайда жұқтырғанын нақтылаған жоқ.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі жыл басынан бері коронавируспен ауырған балалардың санын жариялады. Ведомствоның ақпаратынша, 1 қаңтардан 16 шілдеге дейінгі аралықта 31 188 бала індетке шалдыққан.